Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтады.
Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! Сіздерді 14 наурыз Көрісу күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әулеттің көпті көрген үлкеніне амандық-саулық тілеп, ізеттілікті дəріптейтін, алыстағы туған-туыспен көрісіп, татулыққа бастайтын халқымыздың ежелден келе жатқан мерекесі əр шаңыраққа құт-береке əкелсін, – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Райымқұлова адамдар арасындағы ренішті ұмыттырып, бауырмалдықты арттыратын мейірім мерекесі елімізді ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастай беруіне тілектес екенін білдірді.
Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сіздерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ұрпағымыз ұлағатты болсын!, - деп құттықтау жолдады Мәдениет саласы басшысы.