Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев айтты.
2021 жылдың 1 қыркүйегінде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады.
Президенттің 2021 жылғы 18 мамырдағы № 580 Жарлығымен белгіленген талаптарға сәйкес, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді орташадан төмен емес деңгейде білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.
Резервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайындау құзыреттер жиынтығы ескеріле отырып және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте резервке қабылдау мемлекеттік лауазымға тағайындауға кепілдік бермейді.
Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңнен өту керек, оның ішінде:
1) күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
2) ситуациялық тапсырмаларды шешу;
3) құзыреттерді бағалау;
4) Сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.
Көптеген кезең онлайн режимінде өтеді.
Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар, кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған.
Мақсаты - қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау және мемлекеттік қызметке тарту.
Құжаттарды қабылдау биыл 1 қыркүйектен бастап арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада онлайн режимде жүргізіледі деп жоспарлануда.
Өздеріңіз білетіндей, Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы бойынша бұл іріктеуге 289 жас қатысты, олардың 12-сі резервке алынды.
Бүгінгі таңда 11 резервші жұмысқа орналастырылды, бұл жалпы санның 91,6%-ын құрайды.
Олардың ішінде 2 үміткер саяси лауазымға (облыс әкімінің орынбасары), 1 үміткер облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына, 1 үміткер басқарма басшысы лауазымына, 3 үміткер басқарма басшысының орынбасары лауазымына, 2 - квазимемлекеттік секторға, 2 үміткер орталық атқарушы органдарға тағайындалды.