Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 9 адам ауруханаға жеткізілді

17 Қараша 2020, 02:43
1566
Бөлісу:
Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 9 адам ауруханаға жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 9 адам ауруханаға жеткізілген. Күйіп қалғандардың арасында 10 жастағы қыз бала бар. Тағы үш адам жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Жарылыстың қатты болғаны соншалық, баспананың қабырғасы қирап, шатыры ортасына түскен. Жарылыс кезінде үйде қонаққа келген туыстары да болған. Үйдегі 9 адамның барлығы дереу ауруханаға жөнелтілген. Арасында жаңа туған шақалақ та бар. Өміріне қауіп жоқ деген екі бала мен екі ересек адамды дәрігерлер үйіне жіберген. Қалғаны қазір аурухана төсегіне таңылған.  

Үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Он жасар баланың денесі жараланған, аяқ-қолының 35-45 пайызын күйік шалған. Ең үлкені – 1963 жылғы азамат. Оның денесінің 80 пайызы күйген. Кеше біз саанавиациямен арнайы мамандар жібердік, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустем Исаев.

Жансақтау бөлімінде жатқан үшінші адам – 20 жастағы жігіт, оның денесінің 45 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалады. Дегенмен ертең науқастарды облыс орталығындағы ауруханаға апаруды жоспарлап отыр.

Төтенше жағдай мамандары үйде сыйымдылығы 5 литрлік газ баллонының жарылғанын айтады. Ал оған не себеп болғанын анықтауға кірісті.

Болжам бойынша өрттің шығу себебі – газ баллонының жарылуы. Ол газ баллон үйдің ішінде болған, бұл – өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы болып саналады. Далада күн салқын, суықтан жылы үйге бірден кіргізгендіктен, газ қысымы артып кеткен болуы мүмкін, - деді облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Нұрхат Қалдыбаев.

Айта кету керек, жер үйге табиғи көгілдір отын тартылған екен. Жарылысқа себеп болған бес литрлік газ баллонының үйге неге әкелінгені әзірге белгісіз. Оны құзырлы орган мамандары анықтауға кірісті. Көршілерінің айтуынша, бұл үйге жас отбасы былтыр ғана қоныстаныпты. Жиған-тергеніне баспана тұрғызғанымен, қазіргі таңда қиын жағдайда қалған отбасыға көмектесу үшін еріктілер әлеуметтік желі арқылы қаражат жинауды бастап кетті.

Өзгелердің жаңалығы