Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі күнге дейін 30 мың гектар егін алқабы шабылған, деп хабарлады Aktobenews.kz.
Биыл әрбір гектардан алатын өнімнің орташа көрсеткіші - 7 центнер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен. Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр.
«Егінді ерте еккен шаруашылықтар жұмысын бастады. Биылғы көрсеткіш былтырғыдан төмен болғанымен осы ауа райына қарасақ өте жақсы нәтиже деп айтуға болады. Себебі жаз бойы күн ыстық болды. Талапқа сай техникалары бар Хромтау, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк сынды аудандарда әр гектардан 8-10 центнерден астық жиналады деп жоспарлануда. Биыл орташа көрсеткіш 7 центнер болып отыр. Шаруаларда шығын болмайды, өздерінің еккендерін қайтарып алады», - дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Аптиев.
Алдағы апта жаппай егін ору науқаны басталады. Шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай қарастырылған.
«Биыл облысқа 8,5 тонна дизель отыны бөлінген. Нарықтағы бағасынан арзандатып, 1 литрін 175 теңгеден беріп жатырмыз. Бұл шаруалар үшін өте тиімді. Астық қабылдайтын элеваторларымыз, одан бөлек шаруашылықтардағы қосымша қоймалардың барлығы дайын. Комбайндар бойынша мәселе жоқ. Егін жинау біткесін жер жырту жұмыстары жүргізіліп, күзгі дақылдар егілетін болады», - дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Аптиев.