Актер "Құрмет" орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет қайтыс болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі естіртті.
Актер Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр сахнасында М.Әуезовтің "Абайында" Нарымбет пен Долговты, И.Сапарбайдың "Сыған серенадасында" Баронды, Шекспирдің "Ромео мен Джульеттасында" жүргізушіні және тағы да басқа кейіпкерлерді сомдаған. Ол тәуелсіздіктің қайта оралуына себепші болған желтоқсан оқиғасына қатысқан. Өнердің бір тармағы саналатын әншілікті жанына серік еткен.
Үсіпхан Сейтімбет 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Игілік ауылында дүниеге келді. 1979 жылы Республикалық Эстрада-өнер студиясын бітіріп, Алматы облыстық филармониясына жұмысқа қабылданды. 1983 жылы Т. Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтына оқуға түсті.
1999 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Ол "Құрмет" орденінің иегері (2019ж.), "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалінің иегері (2016ж.), "Мәдениет саласының үздігі" медалінің иегері (2018ж.).