Ақтаудағы аламан айтыс: Бас жүлде иегері – Жансая Мусина

27 Мамыр 2021, 23:24
4710
Бөлісу:
Ақтаудағы аламан айтыс: Бас жүлде иегері – Жансая Мусина

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі күн бойы Маңғыстау даласын отты өлең-жырға бөлеген республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Nur Otan партиясының қолдауымен өткізілген сөз сайысына еліміздің әр өңірінен келген 18 ақын қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізсе, Светқали Нұржан, Ғалым Жайлыбай, Әділет Қабылов, Бауыржан Халиолла, Сұлтанбек Құдайберген бастаған ел ағалары қазылық етті.

Дүбірлі доданы тамашалауға келген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өнерсүйер қауымға тамаша айтыс кешін сыйлаған ақындарға алғыс айтты.

Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Отыз жылдық мерейтойды Ұлттық Өнер арқылы ұлықтап жатырмыз. Осынау мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлесін қосқан барша жандарға алғыс айтамын. Бұл айтыстағы ең жас ақынымыз Алшын баламыздың да өнеріне тәнті болдық. Сөз шеберлігімен көрерменнің көзайымына бөленді. Алшын – Маңғыстаудағы «Жыр жебе» ақындар мектебінің оқушысы. Бұл мектеп 6 жыл бұрын құрылған болатын. Басында Нұрлан Мұсаев негізін қалап, жұмысын бастаған мектепті бүгінде Фархад Мұсаев басқарып, жас айтыскерлерді баулып келеді. Әйгілі ақындарымыздың жолын жалғап келе жатқан жастарға еңбектеріңіз жана берсін дегім келеді, – деді С.Трұмов.

Қазылар алқасының шешімімен айтыстың екінші кезеңіне төрт жұп іріктеліп алынды. Алматылық Қазырет Бердіхан мен батысқазақстандық Жансая Мусина, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, маңғыстаулық Абай Жолмағанбетов пен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров, қарағандылық Төлеген Жаманов пен маңғыстаулық Арғынбек Қалбаевтар жұптасып айтысты.

Қазылар алқасының шешімімен топтан оза шапқан Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина бас жүлде иегері атанып, 2 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Бірінші орынға Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының жас ақыны Арғынбек Қалбаев лайық деп танылып, 1 млн теңгені қанжығасына байлады.

Жүлделі екінші орынға Қарағанды облысынан келген Төлеген Жаманов, Алматы облысынан Қазырет Бердіхан және маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев табан тіреп, әрқайсысына 600 мың теңгеден берілді.

Ал үшінші орынды Павлодар облысынан келген ақын Аспанбек Шұғатаев, Маңғыстау облысының ақыны Абай Жолмағанбетов және атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров өзара бөлісіп, әрқайсысы 500 мың теңгеден иеленді.

Сонымен қатар, арнайы жүлдемен батысқазақстандық Талғат Мықи, ақтөбелік Марат Ахметов, маңғыстаулық Алшын Суемов марапатталып, 300 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.

Алғыс хатпен және 200 мың ақшалай сыйлықпен семейлік ақын Рүстем Қайыртайұлы, Шымкент қаласынан Біржан Байтуов, қостанайлық Тоба Өтепбаев, қарағандылық Тілеген Әділов, маңғыстаулық Азамат Орынбасаров, Райымбек Түзелов, Зейнетолла Қосымбаевтар марапатталды.

Республикалық ақындар айтысы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.



Өзгелердің жаңалығы