Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтауда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп, төрт күнге созылған байрақты бәсеке өз мәресіне жетті. Бұл туралы Ақтау қалалық дене шынықтыру және туризм бөлімінің басшысы Болат Досов мәлім етті.
Оның айтуынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы мен еліміздің 14 облысынан 273 татами шебері қатысты.
Қазіргі пандемия жағдайында аса сақтықпен және жауапкершілікпен, барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отыра Маңғыстау облысының дзюдо федерациясы Қазақстан дзюдо федерациясымен бірлесе ұйымдастырды. Бүгінгі ел біріншілігінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа ұлттық құрамасы жасақталатын болады,- деді Болат Досов.
Жылдың ең маңызды жарысы саналатын ел біріншілігіне ұлттық құрама сапынан бірнеше спортшы татамиге шықты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегер атанған спортшылар ұлттық құрама сапына қосылып, жаңа олимпиадалық циклге резерв жасақталады.
Ақтау татамиінде жаңа есімдер шығып жатыр. Жеңімпаздар қатарынан табылмаса да, белдесу барысында көзге түскен, күрес стилі ерекше жас балуандар көп болды. Ұлттық құрама спортшыларының ізін басатын мықты жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Ересектермен қатар ел чемпионатында жасөспірімдер мен жастар құрамасынан балуандар қатысты. Осы балуандарды келесі олимпиадалық кезеңге, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына дайындайтын болады,- деді Болат Досов.