Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының 10-туры аясында «Ақсу» қаратаулық «Игілікті» қабылдады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Матч Павлодардың Орталық стадионында өтті.
«Ақсу» бірден ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Марат Еслямов шәкірттері жиірек шабуылдап, допқа көбірек иелік еткенімен, бұл көпке дейін нәтижесін бермеді. Қаратаулықтар қорғанысқа ден қойып, «Ақсудың» шабуылдарына сәтті тосқауыл қоя білді. Өздері де қарымта шабуылдарға шығып отырды. Алайда, оңтүстіктен келген команданың жас футболшылары екінші таймға қарай шаршай бастады.
Екінші тайм басында «Ақсудың» бас бапкері жасыл алаңға Асқар Әжікенов пен Батыр Құдайбердиновты шығарды. Бұл бірден өз жемісін бере бастады. Алаң қожайындары «Игілікті» қақпасына тықсырды.
55-минутта Изат Күлжановтің айып соққысынан көтерген добын баспен торға түсірген Мирас Тұрлыбек есеп ашты. Бес минуттан соң Батыр Құдайбердинов «Игілік» қорғаушыларының қателігін кәдеге жаратты – 2:0. «Ақсудың» гол соғатын сәттері көптеп саналды. Нұрбол Әнуарбековтің өзі екі-үш ұрымтал сәттен мүлт кетті.
Дегенмен, алаң қожайындары ойынды жеңіспен аяқтап, 21 ұпай жинады. Сол арқылы команда Премьер-лигаға шығуға мүмкіндік беретін турнир кестесінің екінші орнына шықты.
«Екібастұз» болса, сырт алаңда «Байқоңырмен» ойнап, 3:1 есебімен ұтылды.
Келесі матчты «Ақсу» сырт алаңда «Оқжетпеспен» өткізеді, ал «Екібастұз» «Қайрат-Жастарды» қабылдайды. Ойындар 4 шілдеде өтеді.
«Ақсу» премьер-лига жолдамалары үшін тартысқа белсене кірісті
Өзгелердің жаңалығы