Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда

26 Наурыз 2021, 14:31
4343
Бөлісу:
Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда
PHOTO

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысындағы «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығының ешкі сүтінен өндірген экологиялық таза өнімдеріне сұраныс артып келеді.

Фермада 40 жұмысшы жұмыс істейді. Олардың қатарында технологтар, сауыншы, мал дәрігері, әкімшілік қызметкерлері бар. Бұрын адам қолымен атқарылған жұмыстар қазір толық автоматтандырылған. Негізгі құралдар Италиядан әкелініпті. Мамандар да сонда оқытылған.

Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда

Өңдеу зауытының қуаттылығы жылына 50 тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ашытылған сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие. Шаруашылықта ешкі сүтінен 45 түрлі өнім жасалады. Олардың арасында ірімшіктің түр-түрі, йогурт, сүзбе, сары май, айран және басқалары бар. Былтыр балмұздақ жасау жабдығы сатып алынды. Фермада негізінен ешкінің «заанен» тұқымы өсіріледі. Бұл - швейцариялық тұқым, әлемдегі ең сүтті ешкілердің бірі. Майлар мен протеин көрсеткіштері жақсы. Олар күтімді көп қажет етпейді, ыстыққа да, суыққа да төзімді. Малдың бұл түрін кез келген жерде өсіруге болады. Ең бастысы орны құрғақ әрі жарық болуы керек. Бұл жануардың тағы бір ерекшелігі ол тазалықты сүйеді. Көбі Нидерландтан әкелінген. Олар төлдемесе де,  2-3 жыл сүт бере алады. Ең бастысы оларды дұрыс күтіп-бағып, азықтандыру керек, - дейді серіктестік директоры Ермек Ұлықпанов.

Ешкі сүті А және В дәрумендеріне бай. Ол авитаминоз ауруларының алдын алуға, суық тию ауруларын емдеуге де көмектеседі. Сондай-ақ ауыр дерттер мен операциядан кейін қалпына келуге де көмегін тигізеді. Қаназдық пен рахит ауруларына да қолданылады.

Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда

Біз консерваттар жасап шығармаймыз және қолданбаймыз. Өнімдеріміздің көбі 7-10 күн сақталады. Өйткені ешқандай тұрақтандырғыш, консерваттар пайдаланылмайды. Біз тек экологиялық таза өнім өндіреміз. Ешкі сүтін тұтыну деңгейі елімізде төмен. Жергілікті дүкендерде ешкі сүтінен жасалған өнімдер жоқтың қасы. Ірі супермаркеттерде ультрапастерленген не майсыздандырылған сүтті көруге болады. Бұл тауарлар негізінен Нидерланд, Испания және Жаңа Зеландиядан әкелінеді. Мұның бірнеше себебі бар. Ешкі сүтін өндіру үшін асыл тұқымды ешкілер керек. Оларды сатып алу көп қаражатты қажет етеді, - дейді серіктестік директоры.

Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда

Шаруашылық басқарушысы болып жұмыс істейтін Азамат Тұрмағанбетовтың айтуынша, жетістікке жетудің бірден-бір жолы - өз кәсібіңді сүю.

Жұмыс ауыр. Ауыл шаруашылығы - күрделі салалардың бірі. Бұл секторда жұмысқа деген ынта-жігер, шыдамдылық қажет. Ешкілерді бағып-күту ерекшеліктері жайлы білу жеткіліксіз. Ең бастысы - жануарларға деген сүйіспеншілік керек. Оларды таңдағанда тек сүттілік белгілеріне ғана емес, мінез-құлқына да назар аударылады. Өйткені жабайы ешкілер адамдарға үйренбеген, - дейді шаруашылық басқарушысы.

Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда

Оның мұнда жұмыс істеп жатқанына бес жылдан асқан. Мамандығы – ешкі өсіруші. Елімізде мұндай мамандар сирек кездеседі. Ол ешкі өсіру бойынша Нидерландта білім алған. Дипломын қолына алысымен Қазақстанға оралып, алған білімін елдің өркендеуі жолына жұмсауды жөн көрген. Ол ешкілерді таңдауға ғана емес, ферма құрылысына да қатысқан.

Кейін ешкі өсіруге қатысты қосымша салалармен де айналыстым. Олардың қатарында ешкі өсіру технологиясы, сүтті қайта өңдеу, фермаларды жобалау және олардың құрылысын ұйымдастыру бар. Ең бастысы ешкілерді бағып күту, технологияларды бұзбай, қатаң сақтау керек. Ешкілер екі мезгіл сауылады. Бізде жылыту жүйесі жақсы ойластырылған. Мұнда энергияны сақтау мен өндіру жағы да қарастырылған. Біз терең төсеме технологиясын қолданамыз, үнемі сабан төсеп отырамыз, бірақ оны тазаламаймыз. Ал қиын үнемі басып отырамыз. Сонда бактериялардың әсерінен ашу процесі жүреді де ешкінің асты жылы болып тұрады. Ешкі тазалықты сүйетін жануар, - дейді Азамат Тұрмағанбетов.

Ешкі сүтінің сапасы оның жемшөбіне байланысты. Кейбір пайдалы қоспа шетелге тапсырыс беріледі. Шаруашылық үшін бұл тиімсіз болған. Өйткені азықты тексеріп, қауіпсіздігіне көз жеткізу керек. Ішінде жануарларға кері әсер ететін, зиянды заттардың бар-жоғын қадағалау қажет.

Фермерлер тәуекелге бел бууға мәжбүр. Ешкілерге азықтың бір түрі ұнамай қалды ма, кейін оны жануар жемей қояды. Біз үшін ең бастысы – малдың азығы. Жемшөпті түрлі елдерден аламыз. Олармен бірге ауру да келуі мүмкін. Біз бұл мәселеге өте мұқият қараймыз. Мысалы, жемін сатып аларда сараптамаға жіберіп, арнайы құжат аламыз, түрлі зерттеулер де жүргізіледі. Бұл ең басты ереже. Жемнің бәрі бірдей емес. Шөп те сондай. Әр жерде өскен шөптің дәмі әр түрлі болады. Ірі қарамен салыстырғанда, олар шөпті талғап жейді. Жемнің де дәмдісін таңдайды. Олардың иіс сезу қабілеті де ерекше дамыған, – дейді Азамат Тұрмағанбетов.

Ақмолалық шаруашылық ешкі сүтінен 45 түрлі өнім шығаруда

Былтыр төлдейтін асыл тұқымды ешкілердің әр басын 40 мың теңгеден субсидиялау жүзеге асырылды. Бұл жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп, салаға 46 млн теңге бөлінді. Сүт өндірісі бағытындағы ешкілерді бағып-қағуға кететін шығынның 25 пайызы өтеледі. Бұл саланы қаржыландыру аграрлық несиелік корпорация акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады. Жеңілдігі бар несие жергілікті шаруаларға мал басы 600-ден асатын  ферма құрылысын жүргізу мен кеңейтуге беріледі. Мұндай несие айналымдағы қаржыны толықтыру үшін де беріледі.

Қазіргі уақытта фермада 1000-нан аса сауын ешкі бар. Біздің жоба 5 мың басқа дейін арналған. Мемлекет агроөнеркәсіптің кешенді дамытуға көңіл бөлуде. Бағдарламалар да көп. «Атамекен», «Даму» қорлары, кәсіпкерлер палатасымен байланыстамыз. Мемлекет қолдауымен өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс орындарын көбейтуге де септігін тигізеді, - дейді серіктестік директоры Ермек Ұлықпанов. 

Өзгелердің жаңалығы