Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында КВИ-ге қарсы вакцинациялау науқаны жалғасуда. Вакцина егудің екінші кезеңінде 2150 адам қауіпті індетке қарсы екпе салдырды. Бұл туралы Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.
Бірінші кезеңде вакцинаның 1 300 дозасы түсті. Бірінші компонентпен 1298 адам егілді, екінші компонентті 1048 адам алды.
Екінші наурыздан бастап вакцинаның 3 700 дозасы келіп түсті. Екінші кезеңде мұғалімдер мен күштік құрылым қызметкерлері вакцинаны алады. Бірінші компонентпен 2 150 адам егілді, оның ішінде мұғалімдер – 638, күш құрылым қызметкерлері мен полиция қызметкерлері – 318, мемлекеттік қызметкерлер – 59, медицина қызметкерлері – 930, басқалары – 205. Барлық аудандарда егу кабинеттері ашылды, – дейді Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
Оның мәлімдеуінше, бірінші кезеңде жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері, педагогтар, күштік құрылым қызметкерлері егіледі. Екінші кезеңде мектеп-интернаттар, балабақшалар педагогтары, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, созылмалы аурулары бар адамдар. Үшінші кезеңде медициналық-әлеуметтік мекеме персоналдары және балаларға арналған жабық мекеме қызметкерлері, төртінші кезеңде тәуекел тобынан қалған барлық контингент қамтылады.
Облыс бойынша барлығы 24 егу пункті дайындалды. Көкшетау қаласы бойынша вакцинация бес егу пунктінде – қалалық емханада, «Viamedis», көпбейінді облыстық аурухана, Көкшетау темір жол ауруханасы, алғашқы медициналық санитарлық көмек орталығында жүргізіледі.
Вакцина екі компоненттен тұрады. Алғашқысы бірінші күні алынады, 21 күннен кейін екіншісі енгізіледі. Екі компонентті алған соң вакцинация аяқталды деп саналады. Иммунитет иммундаудан кейін 56- шы күні қалыптасады. Вакцинаға жағымсыз әсерлер тіркелген жоқ, - деп түсіндірді Айнагүл Мусина.
Оның айтуынша, облыс халқының 60% - ы коронавирустық инфекциядан вакцинацияланған кезде, карантинді толығымен алып тастау туралы айтуға болады. Облыста КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты, соңғы тәулікте инфекцияның 55 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың көбі Көкшетау қаласында. Пандемия басталғаннан бері барлығы 13,3 мыңнан астам жағдай тіркелді.
Қаңтар айында мектеп оқушылары арасында 223 балада тест оң нәтижені көрсетті, ақпанда 320 бала, наурызда 73 бала індет жұқтырды. Оқушылардың күнделікті аурушаңдығын 30 жағдайдан 5-ке дейін төмендетуге қол жеткізілді. Сондықтан бүгінде карантинге толығымен жабылған мектептер жоқ. Ауру белгілері анықталғанда тек жеке сыныптар ғана жабылады, - деп атап өтті бас санитарлық дәрігер.
Ол өңірде көпшілік, бұқаралық, отбасылық іс-шараларды атап өтуге әлі де тыйым салынғанын атап өтті.