Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңейтілген кеңес өтті

4 Тамыз 2021, 18:59
2267
Бөлісу:
Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңейтілген кеңес өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, оған қалалар мен аудандардың әкімдері, аймақтық мемлекеттік органдарының басшылары қатысты деп хабарлайды облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі.

Сөз сөйлеу барысында өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы Арман Рахимов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен бірлесіп жүргізілген қызметі, сондай-ақ, қалыптасқан сыбайлас жемқорлық жағдайы туралы хабарлады.

Сонымен қатар спикер жаңадан құрылған ауылдық округ әкімдерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңашылдықтар туралы ақпараттандыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауларды сапалы жүргізу және олардың нәтижелерін жұртшылықты тарта отырып қарау қажеттігін атап өтті.

Бұдан басқа мемлекеттік бюджетті мақсатсыз және ұтымсыз пайдалануды болдырмау үшін департамент мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізеді, ол жоспарлау сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 686,9 млн теңге үнемделді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда (2020ж. 12 ай ішінде - 553,2 млн теңге) қазірдің өзінде 19%-дан немесе 133 млн теңгеден асады, – деп толықтырды спикер.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын жою шараларының бірі - сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі және сыртқы талдауларды жүргізу. Биыл жыл басынан бері өңірдің 7 ұйымында сыртқы талдау жүргізілді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агроөнеркәсіптік саласындағы субсидиялауға кешенді талдау жүргізуде. Ашық талқылау және сындарлы диалог құру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында субсидиялар берудің айқын, әділ жүйесін қамтамасыз ету бойынша тиімді шаралар әзірлеу үшін отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл өңірлік департаментінің басшысы Арман Рахимов барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып және мүдделі тараптардың қатысуымен кеңейтілген конференция өткізуді ұсынды.

Жалпы, тіркелетін қылмыстар санының азаюының оң үрдісі байқалады, бұл да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қабылданатын алдын алу шараларының тиімділігін куәландырады.

«Ақмола – Адалдық алаңы» жобасы аясында жүргізілген жұмысының нәтижелері мен перспективалары туралы облыс әкімінің орынбасары, жобалық кеңсенің кураторы Қанат Ыдырысов баяндады. Сондай-ақ, отырыстың қатысушыларына ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына халық арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша бекітілген Кешенді жоспар таныстырылды. 

Ақпаратты тыңдаған өңір басшысы Ермек Маржықпаев бағынысты мекемелердің басшылығына сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты жандандыруды, сондай-ақ бекітілген жоспар тармақтарының орындалуын ерекше бақылауға алуды және оны жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөнінде шаралар қабылдау шеңберінде, ең алдымен, кешенді әрі үйлестірілген көзқарас ұстануымыз қажет. Үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл жасау, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және басқарушылық шешімдердің барынша ашықтығы қажет. Алдымызда үлкен жұмыс тұр, тек бірлескен күш-жігерімізбен ғана біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра аламыз, - деп түйіндеді өңір басшысы.

 

Өзгелердің жаңалығы