Абай облысының әкімдігі Бесқарағай ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары жайлы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары барысында арнайы жасақталған мобильді топ құрылды. Су басу қаупі бар ауыл ішіндегі көшелерден жалпы 19 мың текше метрден аса қар шығарылып, 96 мың текше метр су сорылды.
Жалпы су басу қаупі бар Бозтал, Қарағайлы, Өндіріс, Бесқарағай, Қарабас ауылдарының және Беген ауылдық округіне қарасты Беген орман шаруашылықтарында қазіргі жағдай қалыпты. Аталған елді мекендерде жедел әрекет ету нәтижесінде Бесқарағай ауданына қарасты өрт сөндіру қызметкерлері, арнайы жасақталған топ, мотопомпалар, тракторлар, эксковаторлар, тиегіштер және т.б. ауыр техникалар бар. Жалпы аудан көлемінде 455 тонна инертті материал төселіп, 11 925 текше метрден аса су шығарылды. Аталған жұмыстарға 85 адам және 49 техника жұмылдырылды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Беген ауылындағы Тәуелсіздік көшесінде су деңгейі төмендеді. Тәуелсіздік көшесінің жалғасы мен Қарағайлы көшесіндегі қарсуын шығару жұмыстары жалғасады.