Әкім Жаңа жылдың демалысында бір романды оқып бітірген

5 Қаңтар 2025, 16:22
759
Бөлісу:
Әкім Жаңа жылдың демалысында бір романды оқып бітірген
Фото: Әкімнің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жаңа жылдың демалысында бір романды оқып бітірген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңір басшысы 2025 жыл Жамбыл облысында “Кітап оқу жылы” екенін айтты.

Кітап – рухани азық, жанымыздың шуағы, болашағымыздың бағдары. Биылғы 2025 жылды Жамбыл облысында “Кітап оқу жылы” деп белгілеу – осы құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған қадам. Жаңа жылдық демалыста мен де уақыт тауып, халқымыздың мақтанышына айналған қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” романын және поэзияның ақ гүлі атанған Күләш Ахметованың “Құт” атты өлеңдер жинағын қайта оқып шықтым, - дейді әкім.

Қарашөкеев атағандай, Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айшасы” – тағдырлы ананың ерлігі мен қайсарлығын бейнелеген ғажап туынды.

Романның басты кейіпкері Айша — шексіз мейірімді, ұрпағы үшін барлығына дайын ана. Оның бейнесі арқылы әйелдің рухани биіктігі мен төзімділігі айқын көрініс табады. Роман сонымен қатар қоғамдағы тарихи оқиғалар мен адамдардың тағдырын шынайы түрде көрсетеді. “Ай мен Айша” – адамның жүрегіне әсер етіп, ананың махаббаты мен қайсарлығын терең сезінуге шақыратын терең философиялық туынды. Күләш Ахметованың “Құт” жинағы болса, өлеңнің қасиетін, сөздің құдіретін сезіндірді, - деп жазды Жамбыл облысы әкімі Facebook-тегі парақшасында.

Әкім Әулиеата өңірі ақын-жазушылардың мекені, сөз өнерінің төрі екенін айтып, желі қолданушыларын “Әулиеата — кітап оқитын өңір” жобасы аясында кітап оқуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы