Әкім сайлау механизмі қандай?

14 Сәуір 2021, 16:13
7642
Бөлісу:
Әкім сайлау механизмі қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтты.

Сайлау - қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі.

Көптеген шет елдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы (әкім) өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, бұл оның жұмысына оң әсер етеді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының депутаттары жанама әдіспен өткізеді. Кандидаттарды аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін ұсынады.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді көздейтін заң жобасын әзірледі.

Ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау:

- азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыру;

- халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейту;

- ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына жедел ден қоюын арттыру;

- «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

Жоғарыда көрсетілген заң жобаларына сәйкес, ағымдағы жылғы екінші жартыжылдықта өкілеттік мерзімі аяқталатын ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы жарияланады. Сайлау 836 әкімге қатысты (барлығы 2 345 бірлік).

Бұл сайлау Қазақстанның сайлау жүйесін дамытудың маңызды кезеңіне айналып, өңірлік ауқымды сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа практикалық тәжірибесін жинақтауға негіз болмақ.

Конституциялық заң жобасында тіркелген саяси партиялардың кандидаттарды ұсынуы көзделген. Бұл олардың рөлі мен жауапкершілігін арттырады.

Бұдан басқа, тиісті ауылдық округ тұрғындарының бәсең сайлау құқығын іске асыру мақсатында өзін-өзі ұсынуы көзделеді. Өзін - өзі ұсынған үміткер тиісті ауылдық округте тұратын сайлаушы қолының кемінде 1% - ін жинауы тиіс. Өзін-өзі ұсынудың осындай тәртібі Президенттікке үміткерлер мен Парламент депутаттарына қатысты белгіленген.

Бұл ретте, ұсыну мерзімінің соңына екіден кем үміткер ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі сайлаудың баламалы болуын қамтамасыз етуі тиіс.

Айта кетсек, ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.

Сайлауды өткізу тәртібі мынадай тетік бойынша жүзеге асырылады:

1) ауылдық округ әкімі сайлауын тағайындау;

2) ауылдық округ әкіміне үміткерлерді ұсыну (саяси партиялар өз мүшелері арасынан; өзін-өзі ұсыну тәртібімен);

3) кандидатты (өзін-өзі ұсынған) қолдау үшін қол жинау;

4) кандидаттың сайлау жарнасын енгізуі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде);

5) ауылдық округ әкімдігіне үміткердің қойылатын талапқа сәйкестігін тексеру;

6) ауылдық округ әкіміне кандидаттарды аудандық (қалалық) сайлау комиссиясымен тіркеу;

7) кандидаттардың декларациясын тексеру және арнайы тексеру жүргізу;

8) үгіт науқанын жүргізу;

9) сайлау өткізу;

10) ауылдық округ әкімдігіне кандидаттардың дауыстарын санау;

11) егер сайлау жарамсыз деп танылса (сайлау барысында немесе дауыстарды санау кезінде, не сайлау нәтижелерін анықтау кезінде) және екі кандидат тең дауыс санын ең көп жинаған жағдайда ауылдық округ әкімдерінің қайта сайлауын өткізу;

12) ауылдық округ әкімдерін сайлау қорытындыларын анықтау және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;

13) сайланған ауылдық округ әкімін тіркеу.

Сонымен қатар, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаттарына әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау бойынша, оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының бастамасы бойынша өкілеттіктер берілетін болады.

Демек, ауылдық округ әкімі тек сайланып қана қоймай, оны сайлаған қауымдастық алдында бақылауда болады.

Осылайша, заң жобалары Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға баса назар аударады.

Қазіргі уақытта заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Заң жобаларының таныстырылымы саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да сарапшылардың қатысуымен ағымдағы жылғы 5 және 13 сәуірде өткізілді.

 



Өзгелердің жаңалығы