Әкім: Қарағандылықтарды сабырға шақырамын

26 Сәуір 2023, 15:29
663
Бөлісу:
Әкім: Қарағандылықтарды сабырға шақырамын
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағанды жолдарындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қала әкімі Мейрам Қожухов автожолдарда жөндеу жұмыстарының басталғандығын айтып, тұрғындарды сабырлық пен шыдамдылық сақтауға шақырды.

Қарағандыда ауа райының қолайлылығына байланыста жолдарда шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды. Қаланың Н.Гоголь, Ержанов, және Қазақстан көшелеріндегі асфальтты кепілдік бойынша мердігер ұйым ауыстыратын болады.

Қала бойынша жалпы 76 автожол учаскесі кепілдікте, оның 33-нен ақаулар анықталды. Мердігер ұйымдар қателіктерді жою бойынша жұмыстарды атқаратын болады. 15-ші магистральда автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жолдың жоғарғы жабыны толығымен ауыстырылатын болады, - деді М.Қожухов.

Бүгінгі күні Мұқанов-Тәттімбет жол қиылысындағы, Гапеев және Университет көшелеріндегі шұңқырларды жөндеу жұмыстары аяқталған. Қазір Кеншілер көшесінде асфальттау жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желілер арқылы шұңқыр жөндеуге фрезерленген учаскелерге және жалпы жолдарға қатысты шағымдар келіп жатыр. Ауа райы дұрысталып, жұмыс жалғасып жатыр. Автокөлік жүргізушілерін шыдамдылық пен сабырлыққа шақырамын, - дейді қала басшысы

Өзгелердің жаңалығы