Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодардың бау-бақшалары мен зираттарын абаттандыру жоспары қоғам өкілдерімен бірлесіп әзірленеді. Мұндай шешім облыс және қала басшылығының жұртшылық өкілдерімен кездесуі барысында қабылданды.
«Память» қайырымдылық қоғамдық қорының басшысы Вера Тихомирова мен «Адам құқықтары жөніндегі» қоғамдық бірлестіктің мүшесі Юрий Кужабаев өңір мен қала басшыларының алдында Павлодар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы проблемаларын және олармен байланысты бірқатар мәселелерді көтерді.
6 қарашада Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов азаматтардың кезекті қабылдауын өткізді. Бұл жолы өңір басшысымен «Память» қайырымдылық қоғамдық қорының басшысы Вера Тихомирова және «Адам құқықтары жөніндегі» қоғамдық бірлестіктің мүшесі Юрий Кужабаев кездесті. Кездесуге Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям және бірнеше облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты.
Қоғамдық ұйымдардың өкілдері қаланы абаттандыру мәселелерін көтерді, олардың негізгісі бау-бақша мен зираттардың жағдайы болды.
Қоршау құлап жатыр, біз оны үнемі көтеріп отырамыз. Жарық бағанасы құлаған - сымдардың бәрі сыртқа шығып жатыр. Көліктер рұқсат етілмеген жерлермен жүреді, - деп Вера Тихомирова Пахомовский зиратының жағдайына қатысты бірнеше мәселені қозғады.
Юрий Кужабаев қараусыз қалған саяжай учаскелеріндегі жағдай, бау-бақшалардың санитарлық жағдайы және павлодарлық саяжай иелерінің басқа да проблемаларын ортаға салды.
Төрағалардың іс-әрекеттері мен шешімдері әрдайым ашық бола бермейді. Олар кей айыппұлдарды өздері тағайындайды. Күзет жоқ, ешқандай тәртіп жоқ, - деп Юрий Кужабаев бау-бақшаны басқаруға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Павлодар бау-бақшаларының біріне өзі барып келген облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қоғам өкілдері көрсеткен біраз жағдаймен келісті. Ол қала әкімі Ержан Имансләмға эпидемиологиялық жағдай мүмкіндік берген бойда қоғам өкілдерімен және бау-бақша шаруашылығы басшыларымен кездесу ұйымдастыруды тапсырды. Айтылған пікірлер мен ұсыныстар саяжайларды дамыту жоспарында ескерілетін болады.
Сіздер көтеріп отырған мәселелер әділетті. Павлодардағы саяжай қоғамдастығы үлкен және мықты. Біздің саяжайларда тәртіп орнату және қауіпсіздікті арттыру тәсілдерінің бірі - онда цифрлық бақылау орнату. Мұны цифрландыру бағдарламасына енгізген жөн. Бау-бақша шаруашылығы төрағалары қызметінің ашықтығына байланысты - олар шынымен де саяжай иелері алдындағы ашықтығы мен есептілігін арттыру керек. Бағбандардың өздері де бір мақсатқа жету үшін, яғни саяжайларымызды жақсарту үшін өзара бірігіп әрекет жасауы керек,-деді Әбілқайыр Сқақов.
Сонымен қатар, облыс әкімі қалалық зираттарды абаттандыру жоспарын қоғам өкілдерімен бірге әзірлеуді тапсырды.
Вера Тихомирова мен Юрий Кужабаев қоғамдық тыңдаулардың, медициналық қызметтердің, білім берудің сапасы және қоршаған ортаның жағдайы сияқты басқа да бірқатар мәселелерді көтерді. Оларға тиісті салалық мемлекеттік органдардың басшылары жауап берді.