АХҚО технологиялық бағытта белсенді дамуын жалғастыруда

1 Ақпан 2020, 01:39
2348
Бөлісу:
АХҚО технологиялық бағытта белсенді дамуын жалғастыруда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Digital Almaty халықаралық форумы аясында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин "Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында IT саласында жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша білім беру бағдарламасының іске қосылғанын хабарлады. Мектеп Qwasar Silicon Valley бағдарламасы негізінде құрылған және Qwant деп аталды.

Форум аясында QWASAR технологиясы негізінде АХҚО бюросы базасында QWANT жоғары технологиялар мектебін іске қосуға арналған "Жаңа цифрлық әлем үшін болашақ мамандарды даярлаудың бейімделген технологиясы" атты баспасөз конференциясы өтті.

Форумда сөйлеген сөзінде ҚР Үкіметінің басшысы А. Мамин "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында IT саласында жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша білім беру бағдарламасының іске қосылатындыңын хабарлады. Оның айтуынша, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін Үкімет экономика мен елдің инновациялық экожүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлуде.

Қазақстан экономикасын табысты жаңғыртуды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Төртінші өнеркәсіптік революцияның сын-қатерлеріне жауап бере отырып, АХҚО цифрлық бағытты дамытуға бағдар алып, ағымдағы жылдың көктемінде АХҚО Бюросы базасында QWANT жоғары технологиялар мектебін ашуды жоспарлап отыр. Мектептің ашылуы АХҚО орта мерзімді стратегиясын іске асыру кезеңдерінің бірі ретінде цифрлық экономика талаптарын ескере отырып, банктік емес өнімдерді әзірлеуге және енгізуге қабілетті қаржылық технологиялар саласында сапалы кадрларды даярлау арқылы қаржы саласын цифрландыруға ықпал ететін болады.

Жоғары технологиялар мектебін іске қосу идеясы барлық үдерістерді цифрландыру және автоматтандыру жағына қарай қозғалып жатқан әлемдік трендтерге негізделген. АХҚО халықаралық кәсіби сертификаттауды Бюро алаңында енгізу бойынша өзінің табысты эмпирикалық тәжірибесіне сүйене отырып, сонымен қатар жергілікті нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып, индустрия және жалпы нарық сұраныстарына жауап беретін технологиялық саладағы кәсіби мамандарды даярлауға бағыт алды, - деді АХҚО Әкімшілігі Басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов, :  

QWANT мектебінде оқыту бағдарламасы бірнеше білім беру модульдерінен тұрады: бағдарламалау тәжірибесі бар мамандарға арналған 6 айлық қарқынды, сондай-ақ бағдарламалауды үйренгісі келетіндерге арналған ұзақ бағдарлама. Қарқындылығы мен ұзақтығы жағынан әр түрлі, тәжірибелі мамандарға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының болашақ түлектеріне бағытталған модульдер қазіргі таңда олардың озық әдістемелер арқылы оқуы үшін және бейіні мен алған мамандығы бойынша қазақстандық компанияларға бәсекелестік жағдайда жұмысқа орналаса алуы үшін арнайы әзірленген.

Мектептегі оқу бағдарламасы "белсенді оқыту", жобалық оқыту, геймификация және рольдік модельдеу принциптерінде құрылған. Барлық принциптер EPITECH университетінде және “42” инновациялық мектебінде бірнеше жыл бойы тексерілді. Мектептің басты ерекшелігі - мұғалімнің болмауы. Оқу нәтижесі студентке толық жүктеледі. Бүндай қағида креативті ойлауды, коммуникация дағдыларын дамытады, өз бетінше және топта жұмыс істеуге үйретеді, нәтижеге бағыттайды.

QWANT жоғары технологиялар мектебі америкалық Qwasar Silicon Valley компаниясымен әріптестікте іске қосылады. Мектепте оқуға өтініш беру үдерісі онлайн түрде мектеп сайты арқылы жүзеге асырылады . qwant.kz.

Өзгелердің жаңалығы