Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы, Шардара ауданында мүгедек әкесін аяусыз соққыға жыққан ер адамның әрекеті қоғамның наразылығын тудырған болатын. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов осы оқиғаға қатысты Мәжіліс кулуарында пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға бейнежазба арқылы таралып, көпшіліктің талқысына түскен еді.
Видеодан баласы мен келінінің көшеде және үй ауласында сөйлей алмайтын, өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарияны сүйреп бара жатқаны, ал баласының оны балағаттап, бірнеше рет ұрғаны анық көрінеді. Соққының салдарынан қарияның аузы қанап кеткен. Видео барысында қарт ешқандай жауап қатпайды, ал келіні жағдайға араласпайды.
Айта кетсек, баласының қорлығын көрген 70 жастағы зейнеткердің жаназасы 4 қыркүйек күні шығарылған.
Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов түсінік берді.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат қамауға алынды. Сонымен қатар келінге қатысты да қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Балалары туыстарының қарауында. Тергеу барысы бақылауға алынған. Қылмыстық іс толық тергеліп, сотқа жолданады, – деді Санжар Әділов.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қарт кісінің қаза болуына байланысты ұлына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан») бойынша іс тіркелген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар, оның жұбайына қатысты да жеке тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Кінәлі адамға белгілі, дәрменсіз жағдайда немесе материалдық не өзге де тәуелділікте тұрған тұлғаға қол жұмсау») бойынша іс қозғалған.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында әкесін аяусыз ұрған азамат қамауға алынғанын хабарладық.
Сондай-ақ, ер адамның өз әкесіне деген қатыгездік көрсетуіне психологиялық тұрғыдан не себеп болуы мүмкін екенін психолог маманнан сұрастырдық.
Одан кейін әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.