Түркістан облысында өз әкесін ұрып өлтірді деп айыпталып жатқан Алмас Садақбаевқа сотта 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Сотта ауыр қылмыстық іс бойынша жарыссөздер өтті. Өз әкесін аса қатыгездікпен ұрып-соқты деп айыпталған 41 жастағы Алмас Садақбаев кінәсін толық мойындап, сотта жылап, кешірім сұрады.
Кешірім өтінемін. Қазір ұяттан басымды көтере алмаймын. Өзім де не болғанын білмеймін. Есімнен адастым. Соттан жазамды жеңілдетуді сұраймын. Кәмелетке толмаған балаларым бар. Әйелім жұмыс істемейді, отбасындағы жалғыз асыраушымын, – деді ол.
Оның адвокаты да соттан қатаң жаза қолданбауды өтінді. Мемлекеттік айыптаушы Алмас Садақбаевты 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды және 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды сұрады.
Үкім 15 қаңтарда жарияланатынын айта кетейік.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында әкесін аяусыз ұрған азамат қамауға алынғанын хабарладық.
Сондай-ақ, ер адамның өз әкесіне деген қатыгездік көрсетуіне психологиялық тұрғыдан не себеп болуы мүмкін екенін психолог маманнан сұрастырдық.
Одан кейін әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.