Әкем мен анам концерттерімді көзіне жас алып отырып қарайтын — Роза Рымбаева

Бөлісу:
Әкем мен анам концерттерімді көзіне жас алып отырып қарайтын — Роза Рымбаева

Бұл туралы ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Қуанышқызы Рымбаева “Ұждан” әкелер алаңына берген сұқбатында айтты.

Абзал әкем, асқар тауым әрдайым менің бастаған ісіме қолдау танытып, талабымды ешқашан шектемейтін. Бала кезімде өз еркіммен көркемөнерпаздар үйірмесіне және музыка мектебіне барғаныма да қарсылық танытқан емес, — деді әнші.

Рымбаевның айтуынша, әкесі Қуаныш қарапайым еңбек адамы болған.

Отбасында сегіз баламыз. Сол сегіз баланы асырап, оларды жетілдірді. Артындағы ұрпағының қызығын көрді, еңбегі ақталды. Бала кезімде таң сәріде кеткеннен кеш ауа үйге шаршап келетін әкемнің алдына анам дәмді тамағын дайындап, “әкелерің келе жатыр” деп бізді тәртіпке шақыратын. Сол сөзді санамызға сіңіріп, бала болсақ та жауапкершілікпен қарайтынбыз. Әкені қадірлеу, қастерлеу отбасынан һәм анамыздан басталады. Анамыз әкемізді құрметтесе, балаларды да соған үйретті. Көзімізді ашқаннан әкемнің еңбек адамы екенін ұғындырды. Барлық тапқанын отбасына әкелу, балаларын асырау, өсіру және оқыту еді. Бұл — кез келген отбасыдағы әкенің мақсаты, — деді Роза Қуанышқызы.

Әншінің айтуынша, әкесі мен анасы өзінің концерттерін көзіне жас алып тамашалайтын болған.

Әкем менің жетістігімді, жоғарғы атақ алғанымды көрді. Анам екеуі менің концерттерімді көзіне жас алып, үндемей қарайтын. Ешқашан Роза Рымбаеваның әкесімін деп кеудесін керген емес. Қазіргі ата-аналар секілді теледидар да, инстаграмда өзіне жарнама жасаған жоқ. Ол баламның өзінің қызметі, өзінің еңбегі деп сыртымыздан қуанып отыратын. Үйдегі барлық балаларының жетістігіне іштей қуанып, сыртқа жариялап, тойлатқан емес. Розаның ата-анасы деп сыйлап жатса, сол адамдармен ел қатарлы араласатын. Өте қарапайым адамдар болған. Өзінің таза еңбегімен өмір сүрді. Балаларында таза жолмен өсірді. Бізде енді балаларымызға сол жандардың берген тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіруіміз керек. Халқымыз, мемлекетіміз осы отбасынан басталады. Отбасындағы бақыт, жарасымдылық айналаға әсер етеді. Біз оны ауылдағы отбасылардан көріп,өстік. Олардан ажырасу, бір-бірін ренжіту дегенді естіген емеспін. Ауызбіршілігі мықты ауыл болды. Менің әкем ауылдың ақсақалы, үлкені болды, — деп еске алды әнші.

Өзгелердің жаңалығы