Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрліктің алқа отырысында академик Кәрімбек Құрманәлиевке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен "Алтын барыс"» төсбелгісін тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі.
Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қайнар университеті сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі, декан, проректор және ректор қызметтерін атқарған. Ғалым 200-ге жуық ғылыми мақала жариялаған. Жоғары оқу орындарына арналған 4 оқулықтың, 6 монография мен 15 оқу, оқу-әдістемелік құралдардың авторы.
Қазіргі кезде Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті ретінде "Ғылым және жаңа технологиялық саясат туралы" Заңның нормаларын іске асыруда.
Ерен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, "Парасат", "Құрмет" ордендерімен және бірнеше мемлекеттік медальдармен, сондай-ақ министрліктің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» және "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерімен марапатталған.