Аида Балаева Жазушылар одағының төрағасымен кездесті

Бүгiн, 00:26
130
Бөлісу:
Аида Балаева Жазушылар одағының төрағасымен кездесті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Аида Балаева қаламгерлердің ел бірлігін нығайтудағы, Ұлттық құрылтайда атап өтілген қоғамдық құндылықтарды дәріптеудегі рөлін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ министр Жазушылар одағымен бірлескен мәдени-шығармашылық іс-шаралар өткізу арқылы қаламгерлерге ұдайы қолдау көрсетіп, ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтты.

Атап айтқанда, биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі Жазушылар Одағымен стратегиялық әріптестік аясында "Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі", "Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы" және "ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары" жобаларын бірлесе жүзеге асырмақ.

Кездесуде Жазушылар одағының мерейлі 90 жылдығына және Бердібек Соқпақбаев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Оспанхан Әубәкіров, Ілияс Жансүгіров, Герольд Бельгер, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді көрнекті қаламгерлердің мерейтойына арналған бірлескен іс-шаралар жоспары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ Жазушылар одағының 90 жылдығына орай Абай, Түркістан, Атырау облыстарында және Астана, Алматы қалаларында түрлі тақырыптарда арнайы пленум ұйымдастырылады. Ал қараша айында мерейтойлық салтанатты жиын өтеді.

Мереке Құлкенов Жазушылар одағының жаңа шығармашылық жобалары мен әдебиеттегі қазіргі өзекті мәселелерді ортаға салып, мемлекет тарапынан қаламгерлер қауымына көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдірді.

Айта кетсек, биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына – 90 жыл. Бүгінде қоғамдық ұйым 1000-нан аса авторды біріктіреді.

Өзгелердің жаңалығы