Жыл сайын 15 мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі. Бұл күн 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы отбасының маңызды рөлі туралы хабардар ету және оның қоғамға қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік беру үшін белгілеген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін барша әлем Халықаралық отбасы күнін атап өтуде. БҰҰ Бас ассамблеясы осыдан 31 жыл бұрын отбасының қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыру үшін бұл мерекені белгілеген болатын. Әрине, адам өмірі отбасыдан басталады. Онда оның балалық шағы, тұлға болып қалыптасу жолы өтеді. Сондықтан отбасы – махаббат пен құрметтің, ынтымақтың ұясы болып қала берері анық. Ал адам онсыз өмір сүре алмайды. Қазақстан халқы үшін отбасының орны ерекше. Отбасы – өмірдің негізгі құндылықтарының, мәдениетінің, ұрпақ сабақтастығының сақтаушысы. Ең бастысы – бәріміз үшін отбасы тұрақтылық пен дамудың негізі, - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.