Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аида Балаева МӘМС жүйесіндегі өзгерістерді айтты

Бүгiн, 15:55
147
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
VIDEO
Фото: Артём Чурсинов - архив

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін кеңейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, азаматтардың денсаулығы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі әрі елдің орнықты дамуының негізі. Міндетті медициналық сақтандыру халықты қорғаудың маңызды тетігі болып саналады: ол отбасылардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, денсаулық сақтау саласын сапалы жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырылған мәртебесі бар қазақстандықтар МӘМС аясында жоспарлы түрде медициналық қызметтердің кең спектрін ала алады. Қазіргі таңда жүйеде шамамен 17 млн адам немесе ел халқының 82%-дан астамы сақтандырылған. Олардың 12 млн-нан астамы жеңілдігі бар санаттарға жатады, ал шамамен 4,5 млн адам жарналарды өздері төлейді.

Жаңа жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді. Оған қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы секілді созылмалы аурулар енгізіледі. Бұл диагнозы бар науқастар дәрігер кеңесін, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін және емделуді толықтай сақтандыру жүйесі есебінен алады.

Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру артериялық гипертензияны емдеу мен бақылауды қамтиды. Бұл дертпен Қазақстанда шамамен 1,5 млн адам ауырады. Сондай-ақ созылмалы бүйрек аурулары да МӘМС пакетіне енеді. 2026 жылдан бастап бұл бағытта диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы да сақтандыру аясында көрсетіледі.

Қазақстанда шамамен 500 мың адам ауыратын қант диабетімен науқастарды емдеу және диспансерлік бақылау да толықтай міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда созылмалы аурулардың басым бөлігі МӘМС арқылы қамтылады. Тек 11 әлеуметтік маңызы бар ауру ғана тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қаржыландырылады.

Ауыл халқы бүгінде МӘМС жүйесіне толыққанды енгізілген, ал ауыл тұрғындарының едәуір бөлігі үшін жарналарды мемлекет төлеп отыр. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңдағы жаңа нормаға сәйкес, табысы төмен азаматтар «D» санаты бойынша қосымша түрде жүйеге қамтылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жүйеге кіру жеңілдетіледі: айына 4 250 теңге немесе жылына 51 мың теңге жарна төлей отырып, олар қымбат медициналық көмекті қоса алғанда, толыққанды қызметтерді пайдалана алады.

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әрбір адамға сапалы әрі уақтылы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету, – деп түйіндеді Аида Балаева.

Өзгелердің жаңалығы