Аида Балаева: Колледждер еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлауы тиіс

Соңғы үш жылда колледж түлектерінің саны шамамен 20 пайызға өскен.

 Үкіметтің баспасөз қызметі 30 Шілде 2026, 21:19
30 Шілде 2026, 21:19
307
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Жиында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған саланы дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, соңғы үш оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне мемлекеттік қолдау күшейіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы 48,4 мың орынға артқан. Нәтижесінде колледж студенттерінің саны 556,2 мың адамға жетті.

Соңғы үш жылда колледж түлектерінің саны шамамен 20 пайызға өскен. Оның ішінде жұмысшы біліктілігі бойынша түлектер саны 26,5 пайызға, ал орта буын мамандары 17 пайызға артқан.

Кеңесте колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңарту, оларды еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бейімдеу, сондай-ақ кадр даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелері қаралды.

Аида Балаева Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық мамандықтардың беделін арттырудың және экономиканың басым салалары үшін білікті кадрлар даярлаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ еңбек нарығында сұранысы төмен мамандықтарды қысқартып, жасанды интеллект, цифрландыру және роботтандыру үрдістерін ескере отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттігін айтты.

Кеңес барысында колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, дуальды оқыту жүйесін кеңейту, жұмыс берушілермен серіктестікті күшейту және экономикадағы кадрларға деген сұранысты болжау тетіктерін жетілдіру мәселелері де талқыланды.

Жиын қорытындысында білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сай тұрақты жаңарту, өндірістік практиканы жетілдіру, колледждердің инфрақұрылымын дамыту және техникалық әрі кәсіптік білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Наверх