Қазақстанда АИ-92 бензиніне бағаға қойылған мораторий алынғаннан кейін жанармай құнының күрт өсуі байқалмайды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, елдегі жанар-жағармай нарығы нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасады.
Жалпы, нарық нарықтық жолмен қалыптасады, ол реттелмейді. Баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Қазіргі уақытта тапшылық жоқ, – дейді вице-министр.
Санжар Жаркешов қазіргі таңда ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жанармай қоры жеткілікті екенін атап өтті.
Бізде шамамен 600 мың тонна бензин және 600 мың тонна дизель отыны бар. Қор жеткілікті, бұл ішкі сұранысты толық жабуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Оның сөзінше, бағаны ырықтандыру аясында да жанармай нарығында күрт қымбаттау тіркелмеген.
Тапшылық жоқ – сәйкесінше баға да өспейді. Біздің мониторингке сәйкес, нарықта күрт өсім байқалмайды, – дейді Жаркешов.
Вице-министрдің айтуынша, жағдайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен өңірлік штабтар тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігі электр энергиясының тарифтеріне қатысты да түсініктеме берді.
Санжар Жаркешовтің сөзінше, қазіргі уақытта электр энергиясы бағасының күрт өсуі күтілмейді.
Электр энергиясы бағасына қатысты өзгерістер күтілмейді. Барлығы бақылауда, басты басымдық – халықтың мүддесін қорғау, – деді ол.
Вице-министр электр энергиясының өзіндік құны уақыт өте өсетінін, алайда Үкімет негізсіз тариф өсіміне жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін вице-министр мұнай бағасының құбылуына қатысты Қазақстанда дайын сценарий бар екенін айтты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Корея Қазақстан мұнайына келісті ме? – Вице-министр жауап берді
АҚШ пен Иран бітімге келгеннен кейін мұнай бағасы күрт төмендеді
Депутат батыстағы ірі мұнай компаниясының әлеуметтік жобаларын сынға алды