Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Болашақ аналар бұдан былай перзенттерін Өскемен мен Семейдің перинаталдық орталықтарында дүниеге әкелу үшін жүздеген шақырым жерді жүрмейтін болады. Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмысы жалғасуда. Осы жылдың маусым айында біздің мамандар Германия, Польша, Израиль және Ресейдің үздік клиникалары мен институттарына оқуға жіберіледі. Олар, ең алдымен, акушер-гинекологтар мен онкологтар, сондай-ақ кардиохирургтер мен пульмонологтар. Басты назар, әлбетте, Израильдің радиологиялық орталығында біліктіліктерін арттырып, оқытудан өтетін дәрігерлерге аударылып отыр. Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығы өз қызметін бастап кеткендіктен, оның қызметкерлері әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс істеуді үйренулері қажет. Сондай-ақ, гематологтар да оқуға жіберіледі, өйткені қазір Өскеменде елімізде баламасы жоқ бейінді орталық бой көтеріп жатыр, - деп дазды ол.
Облыс басшысы коронавирус инфекциясынан кейін оңалтуға ерекше назар аудару керектігін айтты.
Сонымен қатар біз COVID-19-мен ауырған адамдарды оңалтумен айналысатын мамандарды оқытамыз. Тәжірибе көрсеткендей, коронавирус инфекциясы көптеген асқынулар береді, сондықтан оңалтуға ерекше назар аударуымыз керек, - деді Ахметов.Даниал Ахметов шалғай аудандардағы перзентханаларға қажетті жабдықтар алынатынын айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері барлық жабдықтарды тексеру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп, қазіргі уақытта ненің және қайда жетіспейтінін нақты анықтады. Алғашқы кезекте Өскемендегі балалар стоматологиясына жаңа заманауи медициналық техника сатып алынады. Сондай-ақ, жеті рентген-аппарат, екі маммограф алу жоспарлануда. Биыл іске қосылған босандыру жүйесін жаңғыртуға қатысты карта жасалды. Оның негізінде шалғай аудандардағы перзентханалардың келесі деңгейге өтулері үшін қажетті жабдықтар алынады. Бастысы, біздің болашақ аналар бұдан былай перзенттерін Өскемен мен Семейдің перинаталдық орталықтарында дүниеге әкелу үшін жүздеген шақырым жерді жүрмейтін болады, - деді ол.