Ахмет Байтұрсынұлы туған өңірде бірқатар жоба жүзеге аспақ

17 Наурыз 2022, 19:36
1865
Бөлісу:
Ахмет Байтұрсынұлы туған өңірде бірқатар жоба жүзеге аспақ

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық бюджетке түзету енгізу кезінде артылған ондаған миллион теңге Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қолға алынған жобаларға жұмсалатын болды.

Жобалар тұлғаның кіндік қаны тамған өлкеде және Арқалық қаласында іске асырылады. Атап айтқанда, туған жері – Жангелдин ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 68,4 миллион теңгеге жаңа медицина пункті салынады. Жақын маңдағы Ақкөл ауылында да медицина пункті мен ауылдық клуб жөнделеді.

Торғай кентіндегі мемориалдық музей мен Жангелдин ауданының Шақшақ Жәнібек мұражайын ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ Торғай мұражайлар кешенінің конференц-залына жиһаз бен құрал-жабдықтар алуға да ақша бөлінді.

Жангелдин ауданы орталығындағы саябақ, Арқалықтағы Байтұрсынов көшесі абаттандырылады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында атап өткендей, қаражат осы жазда Қостанай облысында тойланатын Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына дайындық аясында бөлініп отыр.

Облыстық мәслихат сессиясы жақында Қостанай халықаралық әуежайына ұлы тұлғаның есімін беру жөніндегі ұсынысты мақұлдаған еді. Мәдениет және тілдер басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, бастаманы аэровокзал қызметкерлері қолдаған. 

Өзгелердің жаңалығы