Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды

6 Қыркүйек 2022, 13:57
4107
Бөлісу:
Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғыны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорына Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабын тарту етті. Туынды түпнұсқа күйінде сақталған. 

Құнды жәдігерді Аққулы ауданының тұрғыны сақтап келген. Музей директоры Ербол Қайыровтың айтуынша, бұл аймақта қазақтың ұлы ойшылы Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы мен өміріне қатысты табылған алғашқы жәдігер. 

Халық музейге құнды кітаптар, қолжазбалар тапсырып жатыр. Аққулы ауданының тұрғыны қолжазба үйіндегі материалдарды тапсырпы кетті. Сұрыптап, қарасақ, үш кітап екен. Ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағы бар. Туындыда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы туралы жазылған. Бұл кітап үш рет басылып шығарылғаны тарихтан белгілі. Бірінші рет 1911 жылы Орынбор қаласында, кейіннен 1914 жылы екі мәрте жарық көрген, - дейді Ербол Қайыров.

Құнды жәдігер Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымов есімді азаматтың үйінде сақталған. Сол шаңырақта 30 жыл бойы жатқан. Мамандардың айтуынша, кітаптың төте жазумен басылған 100-ге жуық парағы бар. тағы екі кітаптағы материалдар тыңғылықты зерттеледі. 

Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды

1988 жылдар болу керек. Ағам үйленіп, Екібастұз қаласындағы қайынжұртына барды. Сонда араб әрпіндегі кітап болды. Дінге жақын тұратын халықпыз ғой. Құран екен деп сақтап келдік. Кейін Құран Кәрім емес екенін білдік. Ахмет Байтұрсвноытң кітабы екенін енді біліп отырмыз, - дейді Аққулы ауданының тұрғыны Талғат Қасымов. 

Айта кетейік, мәдениет ошағы жыл басында «Музейге - жәдігер» акциясын жариялады. Ауқымды шара аясында музейге 40-тан астам құнды экспонат тапсырылған. Ал келесі жылы «Алашордалықтардың ізімен» атты облыстық экспедиция бастау алады. Шара шеңберінде Алаш орда тарихы, қайраткерлердің шығармашылығы мен өмірі туралы зерттеулер жүргізіледі. 

Өзгелердің жаңалығы