Елімізде мұғалім тапшылығы бар өңірлерге педагогтерді тарту және тиісті қолдау көрсетуге бағытталған "Арнаулы бағдарлама" іске асып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі 2024 жылға арналған Жол картасын бекітіп, өңірлерге жолдаған. Ел мектептерінде 2 мыңнан астам мұғалімнің орны бос тұр. Атап айтқанда, ағылшын тілі, география, информатика, математика, бастауыш сыныптар, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәндерінің педагогтеріне сұраныс бар.
2024 жылы мектептерде тапшы мұғалім саны – 2 817 адам, оның ішінде қалада – 1 312, ауылдық жерде – 1505 адам болатын.
Педагогтерге бос жұмыс орындары бүгінгі таңда Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Жамбыл облыстарында Алматы, Астана, Шымкент қалаларында байқалады. Қазіргі уақытта сағатқа деген қажеттілік мектептегі мұғалімдер арасында сағаттарды қайта бөлу арқылы жабылып жатыр. Сонымен қатар биылғы оқу жылында орта білім беру ұйымдарына 8 мыңға жуық жас педагог жұмысқа қабылданды. Жас педагогтерді білім беру ұйымдарына тарту үшін арнайы "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы жұмыс істейді, - делінген министрліктің редакциямызға берген жауабында.
Бұл әлеуметтік қолдау шарасы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандарына, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға жас ерекшеліктеріне қарамастан ұсынылады.
Еске сала кетсек, 2022 жылы елімізде 4 өңірге мұғалім тарту үшін арнайы жоба басталған еді. Олар - Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстары. Осы өңірлерге барған мұғалімдерге жоғары жалақы төленіп, олардың тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындары бюджет есебінен өтелді.