Агрохолдинг жаңалығы: Егіс алқаптарын смартфонмен бақылайды

27 Наурыз 2021, 09:59
2788
Бөлісу:
Агрохолдинг жаңалығы: Егіс алқаптарын смартфонмен бақылайды
PHOTO

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Олжа Агро» агрохолдингі басқару жүйесіне цифрлы технологияны енгізуді белсенді жүргізіп келеді. Кәсіпорын осы игіліктің арқасында ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыс бойынша орташа деңгейден асатын өнім жинап отыр.

Цифрландырудың пайдасы

Кәсіпорындар тобын басқару жүйесі туралы аталмыш компанияның ұйымдастыру-дамыту департаментінің басшысы Евгений Боярчук айтып берді.

Біз облыста агрономия технологиясын дамытып, агрономдардың білім деңгейін көтеруді мақсат етіп отырмыз, - Сондықтан, жоспарлау, болжау мониторинг жүйесін құрдық. Оны өзіміздің мамандар жасап шығарды. Бұл жүйенің бірінші пайдасы – егін себу науқанында алқаптардың жағдайы туралы мәліметтерді жинақтауға көп уақыт кетпейді. Бұрын біз бұл жұмысты қараша айында бастап, сәуір айында аяқтайтынбыз. Енді бір-ақ күнде тындыра аламыз. Екіншіден, ақпараттарды салыстыруға, нақтылауға, үшіншіден, жоспарлау кезінде қателік жібермеуге көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, егістік жағдайы компьютермен, смартфонмен бақыланып отырады, - дейді ол. 

Евгений Боярчуктың айтуынша, алдағы уақытта компанияның басқа бөлімдері де бір жүйеге біріктірілмек. Осылайша, агрохолдинг «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында көрсетілген экономика салаларын цифрландыру және адам капиталын дамыту бағыттарын жүзеге асырып отыр.

олжа комбайн.jpeg

Жұмысты сапалы атқаруға компанияның әлеуеті жеткілікті. Бес мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. техникалық мүмкіндігі де зор. 2019 жылы мемлекет көмегімен машина-трактор паркін жаңартып алды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 35 егіс кешенін, оның ішінде John Deere комбайндарын сатып алды. Оған мемлекеттен субсидия берілді.

 Әртараптандырудың артықшылығы

«Олжа Агро» кәсіпорнында шамамен 940 мың га алқап бар. Өткен маусымда 412 мың га жерге егін екті. Егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде жоғары өнімді дақылдарды, оның ішінде майлы дақылдарды егу 54 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

олжа алқап.jpeg

Бидаймен салыстырғанда майлы және бұршақ дақылдарын егу шығыны екі-үш есе жоғары. Мысалы, бидайдың бір гектарына 10-12 мың теңге кетсе, рапс, күнбағыс немесе соя себу үшін бір гектарға 25-30 мың теңгеден көп жұмсау керек. Алайда, дайын өнімді сату бағасы бірнеше есе артық. Басқаша айтқанда, майлы дақылды көп ексеңіз, көп пайда табасыз. Қазір мемлекет тұқым алуға субсидия беріп жатыр. Бұл – өнім сапасын арттыруға ғана емес, тауар өндірушілердің жауапкершілігін арттырады, – дейді «Олжа Агро» ЖШС бас агрономы Александр Гринец.
Холдинг басшылығының батыл тәжірибелері өзін ақтап, стратегиясын одан әрі айқындап берді. Алдағы жоспар – ауыспалы егістегі майлы және бұршақ дақылдарының деңгейін 30%-ға дейін жеткізу.

 Сүт өндірісіне серпін

Агрохолдинг мал шаруашылығын дамытуда да табысты жұмыс істеуде. Фермаларында 3 мыңға тарта голштин-фриз сиырлары бар, сондай-ақ 9 мыңдай ақбас және герефорд ірі қараларын бордақылап отыр.

Сауын сиырларды ұрықтандыру 100%, ал бордақыланған малдар 20% қолдан ұрықтандырылады. Бұқалар тек Америка компанияларынан сатып алынған асыл тұқымды. Сүт-тауар фермаларынан бөлек, өнім шығаратын сүт өңдеу цехы да бар. Онда өндірілген тауарлар Қазақстанда ғана емес, Ресейдің көршілес аймақтарында да сатылады.

олжа садч.jpeg

Ірі фермалардың бірі – Қостанай ауданындағы «Олжа Садчиковское» ЖШС. Мал шаруашылығының бригадирі Дмитрий Фонташтың айтуынша, мұнда 1400-ге тарта голштино-фриз тұқымы бар, оның ішінде бес жүздейі сауын сиыр. Бір сиыр тәулігіне 15-тен 17 литрге дейін сүт береді. Сүттің майлылығы – 3,8-4,5%.

Тәулігіне 11 тонна сүт сауу үшін сауын сиырлардың басын 600-ден аса өсіруді жоспарлап отырмыз. Негізінде, мұндай көрсеткіштер бұрын да болған, бірақ кейін табын санына айтарлықтай әсер еткен малды іріктеу жүргізілді. Сондай-ақ, бізде австриялық Smaxtec автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, малды толық бақылауға мүмкіндік беретін «Ақылды сүт фермасы» жобасы жүзеге асырылуда, - дейді Дмитрий Фонташ. 
олжа ферма.jpeg

Ферма жанындағы сүт өнімдерін өңдеу цехы италиялық құрылғылармен жабдықталған. Қазір мұнда 10 тоннаға жуық сүт өңделеді, дегенмен негізі қуаты 30 тоннаға дейін жетеді.

Агрохолдинг осы жылыз «1000 отбасылық ферма» бағдарламасын қолға алып отыр. Мақсат – шағын шаруашылықтарды қолдау. Яғни, бір отбасына 100 басқа дейін мал беріп, фермерлерді азық-түлікпен, техникамен және ветеринарлық көмекпен қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, компания басшылығы бағдарлама қатысушыларына 300 мың га жайылымды беруге дайын. Бұл – бүгінде мемлекет көтеріп отырған ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану мәселесін шешудің бір тәсілі екені даусыз.



Өзгелердің жаңалығы