Агент, бренд-менеджер: Туризм саласында жойылатын және жаңа мамандықтар қандай?

24 Тамыз 2021, 16:34
3113
Бөлісу:
Агент, бренд-менеджер: Туризм саласында жойылатын және жаңа мамандықтар қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Туризм саласында қызметкерлер саны жыл сайын азайып келеді. ranking.kz ақпаратына сәйкес бірнеше мамандық жойылып, жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін.

2021 жылдың екінші тоқсанында туризм саласы қызметкерлерінің саны 0,7 мың адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2%-ға аз. Қызметкерлердің саны төртінші жыл қатарынан төмендеп келеді. Мәселен 2020 жылдың екінші тоқсанында туризм саласында 0,9 мың адам жұмыс істеді. Демек бұл жылына 10%-ға қысқарып отырғанын көрсетіп отыр.

Биылғы жылы қызметкерлердің нақты саны 0,5 мың адамды құрады. Бұл былтырға қарағанда 16,7%-ға аз.

2021 жылғы қаңтар-маусымда туризм саласының қызметкерлері бір қызметкерге орташа алғанда 822,3 сағат жұмыс істеді. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 8%-ға аз. Ал бір айда бір туризм қызметкері орта есеппен 137 сағат жұмыс істеді.

2021 жылдың екінші тоқсанында туризм саласындағы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 188,5 мың теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 78,2%-ға артық.

Салыстырмалы түрде 2020 жылғы коронавирус инфекциясы таралған уақытта, яғни екінші тоқсанында қызметкерлердің жалақысы небәрі 105,8 мың теңгені құрап, бір жылдың ішінде бірден 46,9%-ға төмендеді.

Салалық сарапшылардың пікірінше, жаңа кәсіптер атласының ақпаратына сәйкес, 2020 жылы елде туристік дестинациялардың бренд-менеджері (туризм, тарих және мәдени мұра, туристік дестинацияларды ілгерілету маркетингі және туристік қызметтерді тұтынушылардың психологиясы саласында білімі бар маман), зияткерлік туристік платформаларды әзірлеуші (турларды автоматты түрде таңдау, билеттер мен қонақ үй нөмірлерін брондау үшін бағдарламалар, жүйелер мен платформалар құратын маман) және туристік маршруттар навигаторын әзірлеуші (жергілікті жерде жылдам бағдарлау үшін туристердің жеке мүдделері мен сұраныстарын ескере отырып, саяхат маршрутын құру үшін бағдарламалар мен қосымшалар жасайды) сияқты кәсіптер пайда болуы керек болған.

2025 жылы елде агротуризм менеджері, туризм саласындағы Big Data талдаушысы, туристік-рекреациялық аймақтарды жобалаушы және басқа да көптеген мамандық пайда болуы керек.

2030 жылы Атлас сарапшыларының пікірінше, иммерсивті дизайнер (қатысушыны модельденбеген шындыққа батыратын шоу немесе саяхат жасайтын маман), Медициналық және қолжетімді туризм менеджері, VR құрылғыларының операторы және басқалар да мамандықтар пайда болады.

Сонымен бірге 2020 жылы тапсырыс берілген билеттерді жеткізу агенті және билеттерді беру (саяхатқа) қызметкері сияқты салалардағы кәсіптердің жоғалуы болжанды.

2025 жылға қарай ыдыс жуушылардың, билеттерге тапсырыс қабылдау жөніндегі агенттердің, қабат бойынша кезекшілердің (қонақ үй, кемпинг, пансионат), билеттерді брондау жөніндегі операторлардың, турагенттіктердегі кеңсе-менеджерлердің жоғалып кетуі болжанып отыр.

2030 жылы консьерждер, қонақүйлердегі хабаршылар, швейцарлар, қонақ үй нөмірлерін брондау операторлары, түгендеу қызметкерлері, қонақ үйге кіргізушілер және тіпті тазалаушылар жоғалып кетеді деп болжанып отыр.

Бірақ болашақта қонақүйлерде кім тазалық жүргізетіні әлі белгісіз.

Өзгелердің жаңалығы