Ағаштарды заңсыз кескендерге жаза қатаңдатылады

10 Желтоқсан 2020, 10:52
2971
Бөлісу:
Ағаштарды заңсыз кескендерге жаза қатаңдатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында айтты. 

Алдағы 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу міндеті белгіленген. Парламентке «Өсімдіктер дүниесін сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері  жөніндегі» заң жобасы енгізілетін болады. Ол ағаш көшеттері мен жалпы жасыл желекті пайдалану кезінде қатынастарды реттеуге және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Алматыда ағаштардың кесілгені туралы резонанстық жағдай бәріміздің есімізде. Оның үстіне мұндай жағдайларды барлық өңірдегі белсенді азаматтар, еріктілер қоғам талқысына көтереді. Дәл осыған байланысты әкімшілік және қылмыстық кодекстерге шұғыл тәртіппен түзетулер әзірленді. Бұл түзетулер бойынша осындай құқықбұзушылыққа қатысты жазалау қатаңдатылады. Кесілген ағаштардың орнына қайтадан ағаш отырғызу нормаларын ұлғайту жоспарланған, - деді ол.

Үкімет басшысы қолда бар өсімдіктер дүниесін сақтап, орман қорына және елді мекендерде 5 жылға арналған жоспарға сәйкес, ағаш отырғызу көлемін қамтамасыз ету қажет екенін жеткізді. 

Биылдың өзінде тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктер орманды қалпына келтіру және ағаш өсіру көлемін ұлғайтуға бағытталған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспарланған іс-шараларды келер жылы уақытылы іске асуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі қабылдап жатқан шараларды қолдаймыз. Алға  қойылған міндеттерді іске асыру,  орман тәлімбақтарының (питомник) аумағын ұлғайту, арнайы техника сатып алу және қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ұйымдастыруды талап етеді.  Осыған байланысты Экология, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және Қаржы министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге екі ай мерзімде ормандарды қалпына келтіру және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын, - деді ол.

Мамин өңір әкімдіктеріне елді мекендер мен мемлекеттік орман қорындағы жасыл желектерді мониторингілеу, түгендеу, олардың жай-күйі мен пайдаланылуын бақылау, орман қорғау қызметтерін материалдық-техникалық және кадрлық жарақтандыруды нығайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы