Америкалық миллионер Эрни Дозио Габонда сирек кездесетін орман антилопасы мен аласа бойлы орман буйволын аулау кезінде көз жұмды. Бұл туралы Daily Mail басылымына Collect Africa сафариін ұйымдастырушысы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы оқиға Лопе-Оканда тропикалық орманында болған. 75 жастағы кәсіпкермен бірге кәсіби аңшы-жолсерік болған. Кенет қалың бұтаның арасынан бұзауымен бірге бес ұрғашы піл шыға келген. Төлін қорғаған жануарлар бірден шабуыл жасаған.
Басылымның жазуынша, кәсіби аңшы шетке ұшып кетіп, ауыр жарақат алған. Ал Дозионың қолында антилопа аулауға арналған шолақ мылтық қана болған. Пілдер оны таптап, мерт қылған.
Эрни мылтық ұстауды үйренген кезінен бастап аңшылықпен айналысқан. Оның Африка мен АҚШ-та алған көптеген олжалары бар. Ірі аң аулауды бәрі бірдей құптай бермейді, бірақ оның барлық сапарлары заң талаптарына сай, жануарлар санын реттеу аясында жүргізілген, – деді марқұмның танысы.
Қаза тапқан адамның денесі Габондағы АҚШ елшілігінің көмегімен Калифорнияға жеткізіледі.
Эрни Дозио – Pacific AgriLands компаниясының иесі. Бұл кәсіпорын Калифорнияда 12 мың акр аумақты алып жатқан жүзім алқабына иелік етеді, сондай-ақ басқа да жүзімдіктерді басқару және өнім жинауға арналған техника жеткізумен айналысады.