АЭС-тің ұтымды тұсы – электр қуатының құны өзгермейді – маман

13 Қыркүйек 2024, 10:00
4047
Бөлісу:
АЭС-тің ұтымды тұсы – электр қуатының құны өзгермейді – маман
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ел арасында АЭС-тің құрылысына қауіптеніп, Балқаштың тарылып кететінін айтқан жандар бар. Дегенмен бұл уайымды сейілтуге негіз бар. Себебі оның құрылысына халықаралық ұйым жауап береді. Әрі АЭС құрылысы 3+ буынының негізінде жаңа технологиялармен салынбақ. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰУ-дың теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевпен сұхбаттасты.

Маманның айтуынша, АЭС-тен шығатын радиоактивті қалдық жәй ғана қалдық емес. Ол құнды зат болып табылады, оның ішінде радиофармпрепараттар алынады.

- АЭС энергия тапшылығын қалай шешеді? 

Дәл қазіргі жағдайда қазақстанда энергия тапшылығы жоқ. Біздің экономикамыз 5%-ға өсетін болса, 10 жылдың ішінде электр тапшылығы пайда болады. Сондықтан Энергетика министрлігі қосымша қуат көздерін енгізу бойынша жоспар құрып отыр. Сол жоспарда атом электр станциясының орны бар. Яғни, электр тапшылығын тек АЭС арқылы емес, газ-электр станцияларымен, қайта қалпына келтіретін энергия көздерімен жабады. Он жылда қайта қалпына келтіру көздері, жуықтап алғанда, 30%-дан асу қажет. Газ генерациясы 20%-дан асады. Қазіргі уақытта 80% көмірді алмастыру керек болып отыр. Соның ішінде, жоспар бойынша, 9%-ы АЭС болу керек. Сол кезде біздің энергия көздері диверсификацияланады. Яғни, әр алуан көздерден алатын болады. Ол біздің энергетикалық жүйеміздің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

- АЭС құрылысының қауіпсіздігі қалай сақталады? Қалай салынады?

Құрылысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылайтын МАГАТЭ нормалары, яғни қағидалары бар. Ол құрылыстың әр деңгейінде, кезеңдерінде қатаң бақылауда болады. Қалауларынша сала бермейді. Сондықтан АЭС-ті салудың өзіндік кезеңдері болады. Оның барлығы бақыланады, тексеруден өтеді. Қауіпсіздік танытса, әрмен қарай жалғасады. Сол себептен АЭС-тің құрылысы барысында барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Бұған сеніммен қарауға болады. Өйткені құрылысты Қазақстан ғана қарамайды, халықаралық ұлттық ұйым МАГАТЭ қарайды. Сол себептен АЭС ұзақ уақыт салынады. Сондай-ақ салынуы әртүрлі технологияларға қатысты. Мәселен, Ресей 8 жылдай саламыз деді. Ал Қытай өзінде 5 жылдай салған. Дегенмен құрылыс материалдары алыстан тасымалдайтындықтан, ұзақ уақыт салынуы мүмкін. Франция 10-13 жыл аралығында салады.

- Радиоактивті қалдықтарды қалай шығарады? 

­Қазіргі заманауи жүйе бойынша радиоактивті қалдықты отын сатқан, шығарған ел өзіне қайтадан алады. Яғни, отын сататын ел көп емес. Сондықтан радиоактивті қалдықтарды қалдырмайды. Ол үшін арнайы қоймалар болуы қажет. Қазақстанда ондай қоймалар бар. Ол Семей полигонында, өзінің қалдықтарын сақтайтын ядролық физика иниститутында бар. АЭС болғандықтан, арнайы түрде сыртқа шығарылатын болады. Көп орын алмайды. Көлемі де көп болмайды. Жыл сайын жалпы көлемі 60 тонна вагонды құрайды. Аса көп шығынды қажет етпейді. Ол қалдық емес, құнды зат болып табылады, оның ішінен радиофармпрепарат алынады. Одан кейін қайта өңдеп, арнайы реакторларда ол отынды жағады. Ол отын болып табылады, бірақ ішінде қаруда қолданылатын материалдар болғандықтан, еркін қолданысқа берілмейді.

- Халықтың үрейін алып отырған сұрақ - АЭС қауіпсіз бе? Балқаш тартылады деген ой қайдан шықты? Расымен Балқаш тартылып қалмай ма?

Халық референдум арқылы АЭС салыну қажет деп дауыс берсе, 3+ буындағы АЭС салынады. Бұған дейін жарылыс немесе апат болған,
радиация шыққан АЭС-тер 2-ші буындағы болған. Ал енді 3+ буындағы АЭС ол арнайы қауіпсіздік контурымен қамтамасыз етілген. Бұны пассивті қауіпсіздік деп атайды. Атом станциялары қызып кетсе, сыртынан суытып отырса, қазіргі жаңа салынып жатқандары өз ішінде арнайы механизммен суиды. Сондықтан энергия болмай қалған кезде, Фукусимо секілді жарылып кетпейді. Ол өзі белгілі бір жағдайын сақтап қалады. Яғни, Чернобыль, Фукусимо секілді апаттардың жаңа технологияларда болуы мүмкін емес. Айта кетейік, мүмкін болатын қауіптің барлығы арнайы ескерілген. Маман ретінде жаңа буындағы АЭС-тер қауіпсіз деп айта аламыз. Екіншіден, Балқаш тартылады дегенге келсек, атом емес, кез келген стацияда турбиналық орнатқышы болса, буды суытатын арнайы градирня деген суытқыштары болады. Ол арқылы суды өткізген кезде буланады. Сөйтіп, бір жылдың ішінде Балқашта буланғанның 1%-дан төмен болады. Дәл есептеу бойынша, 0,73 деп айтады. Бұл да жағдайға байланысты. Қандай қуатпен жұмыс істеп тұрғанына қарайды, ол ауаның температурасына байланысты болады. Бірақ орташа алған кезде 1%-дан төмен. Балқаш тартылып қалады дегенге негіз жоқ. Балқаштың өзінен шыққан буын ғана пайдаланады.

- ­АЭС салынғаннан кейін тариф қандай болады?

Тариф келісімге байланысты болады. Мәселен, АЭС-тің құнын қанша жылда шығарып алады. Соны Қазақстанмен салған компания келісімге келу арқылы шешеді. Егер Қазақстан жартысын өз ақшасымен салса, шығарып алу үшін бағаны бақылайды. Бірақ оны АЭС-тің тарифі демейді. Оны операторға сатады, осылайша ортақ тариф шығады. Ол мемлекетпен басқарылады. АЭС салған кезде тариф өсіп немесе кеміп кетеді деген болмайды. Бірақ АЭС-тің ұтымды тұсы - электр қуатының құны өзгермейді. Егер газ электр станциясы болса, баға өгеріп кетуі мүмкін. Өйткені олар құнына тікелей тәуелді. Ал атом электр станциясында уранның құны әсер етпейді. Сондықтан құны екі есе өсіп кетсе де, шығатын энергиядағы бөлігі бағамен алған кезде мардымсыз. Сол себепті тұрақты бағада қамтамасыз етеді.

- АЭС салынғаннан кейін онда кімдер қызмет етеді? Бізде мамандар жеткілікті ме? 

АЭС-тің өзіне мамандар дайындайды. Оны сол салған компания дайындайды. Ол үшін адамның жоғарғы білімі болуы қажет. Бізде сол білім беретін негізгі бағдарлама бар. Ядролық физика, ядролық инженерия, атом электр станциясы бойынша мамандар. АЭС ұзақ салынады ғой, сол уақытқа дейін мамандарды даярлап үлгереміз. Екіншіден, бізде реактормен жұмыс істейтін мамандар бар. Өйткені Қазақстанда жұмыс істеп тұрған үш реактор бар. Олар - зерттеу реакторлары. Бірақ оларға қойылатын талаптар энергетикалық талаптармен бірдей. Сол себептен одан қауіптенетін ешқандай негіз жоқ. АЭС-те жұмыс істейтін мамандардың саны шамамен алғанда 200 адам болады. Сондықтан 200-дей адамды 5 жылдың ішінде дайындап шығара аламыз.

- ­АЭС салынбай қалса, Қазақстан алдағы уақытта қандай проблемамен бетпе-бет келуі мүмкін?

Диверсифекция жағы болмайды. Өйткені АЭС болуы керек. Оны көптеген өнеркәсіпті дамытамыз деген елдер АЭС салып жатыр. Енді бұл жерде бас тартып жатқан үлкен елдерден Германияны мысалға келтіреді. Дегенмен Германиядағы электр қуатының құны, егер бәрін қалпына келтіретін көздер ашылатын болса, қазіргі уақыттан 10 есе қымбаттап кететін болады. Ондай кезде субсидиялау қажет. Сондай мәселе пайда болатын болады. Сондықтан балама көздермен қоса, негізгі генерация беретін көздер болу керек. Өйткені күн бір кезде бар, бір кезде жоқ болады. Жел де дәл солай, керек кезде тұрмай қалуы мүмкін. Ондай кезде энергияны бір жақтан алу керек. Сол кезде сыртқа тәуелділік артып кетеді. Ал егер арнайы энергия сақтайтын аккумулятор салатын болса, құны сәйкесінше қымбаттайды. Аккумуляторлардың құны өте жоғары.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы