Қазақстанда екі энергоблоктан тұратын атом электр станциясын салу кезінде 10 мыңнан астам жұмысшы қажет болуы мүмкін. Ал станция пайдалануға берілгеннен кейін оны басқару үшін шамамен 1 800 маман керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтай комитетінің отырысында мәлімдеді.
Екі энергоблоктан тұратын атом электр станциясының құрылысы қызған кезде 10 мыңнан астам жұмысшы қажет болады. Ал станцияны пайдалануға беру кезеңінде шамамен 1 800 маман жұмыс істеуі керек. Сондықтан ұлттық кадрларды даярлау мәселесіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатта 2027–2031 жылдарға арналған кадр даярлау жоспары әзірленді. Үкімет бұл жоспарды 2026 жылғы 23 қыркүйекте бекітті, - деп атап өтті агенттік басшысы.
Сонымен қатар ол құжатта не көзделгеніне тоқталды.
Құжатта білім беру бағдарламаларын дамыту, мамандарды оқыту және тағылымдамадан өткізу, білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту көзделген, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Агенттік төрағасының айтуынша, атом энергетикасын дамыту үшін құрылыс кезеңіне де, станцияны ұзақ мерзім пайдалануға да қажетті мамандарды алдын ала даярлау маңызды.