Кеше Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасы таныстырылды. Онда адвокатураның мәртебесі Конституцияда жеке бапта бекітілетіні айтылды. Бүгінгі отырыста Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы мен Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы осы нормаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев адвокаттарға азаматтың құқықтарын өзге өкілдермен тең дәрежеде қорғауға жол ашылғанын айтты.
Мен үшін ерекше маңызды әрі қуанышты жайт адвокатты Конституция деңгейінде қылмыстық процесте прокурормен тең дәрежедегі тарап ретінде бекіту туралы ұсыныстың қолдау табуы. Жобаға алғаш рет адвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізіліп отыр. Бұл бізге процестің өзге қатысушылармен тең жағдайда азаматтың құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік береді, - деді ол.
Алайда Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай бұл нормалар нормалар әлі де нақтылауды қажет ететінін атап өтті.
Адвокатура мәртебесіне қатысты нормалар әлі де нақтылауды қажет етеді. Тұжырымдар барынша салмақты әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету міндеттеріне толық сәйкес болу үшін бұл нормаларды одан әрі жетілдіру қажет деп санаймыз, - деді ол.