Адвокат көмегін кімдер тегін ала алады?

10 Қазан 2022, 11:25
1251
Бөлісу:
Адвокат көмегін кімдер тегін ала алады?

Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Әділет департаментінің өкілдері тоғыз айда өткізілген іс-шараларды қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстары мен құқықтық көмек пен кеңес беру олардың ведомствосының маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

Мысалы, 2022 жылыдң 9 айында адвокаттар мемлекет кепілдік берген 10 509 азаматқа 129 913 750 теңге сомасында заң көмегін берген.

"Құқық мәдениеті" және "Рухани Жаңғыру" арнайы жобалары аясында Әділет департаменті аудандық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әлеуметтік үйлерде, Алматы аудан әкімдіктерімен бірлесе 800 мыңнан астам азамат қамтылған 322 іс - шара өткізді, - деді Еркебұлан Жетпісбаев.

Іс-шаралар шеңберінде Әділет департаментінің мамандары, адвокаттар мүлік иелерінің бірлестігін тіркеу, атқарушылық жазба, мұраны ресімдеу, апостиль қою, зияткерлік меншік объектілерін тіркеу және авторлық құқық пен тауар белгісін қорғау, шоттарға тыйым салу және Атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша кеңес береді.

Алматы қаласы Әділет департаментінің баспасөз хатшысы Алмас Бекботаев барлық іс-шараларға заң қоғамдастығының (адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары және заң консультанттары), жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының, көші-қон полициясының өкілдері және Алматы қаласы мәслихатының депутаттары қатысатынын айтты.

Құқық түсіндіру жұмыстары жоғары оқу орындары жанындағы заң клиникаларымен бірлесіп жүргізіледі, студенттер үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша семинарлар өткізіледі. Студенттер алған білімдерін практикада қолдану үшін "Әділет кеңес береді" акциясы шеңберінде азаматтармен кездесуге шақырылады, - деп атап өтті Алмас Бекботаев.

Әділет департаменті Көші-қон полициясымен және заң қоғамдастығымен бірлесе отырып Алматы қаласының аудандық ХҚКО-ларында тұрғын үйді жалға беру нарығындағы алыпсатарлық дүрбелеңге байланысты  құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алматылықтар 199, 58-00-58 нөмірлеріне қоңырау шалып консультациялар ала алады.  Сондай-ақ, WhatsApp +77086935631 нөмірі  (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Құқықтық ақпараттық қызмет) жұмыс істейді.

Алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарының не азаптауларға ұшыраған құрбандардың өтеусіз негізде адвокат көмегін алуға құқығы бар.

Өзгелердің жаңалығы