Әділбек Мұқашев: Мемлекеттік қызметшілер жұмысына кір келтірмеуі керек

20 Маусым 2022, 18:19
2690
Бөлісу:
Әділбек Мұқашев: Мемлекеттік қызметшілер жұмысына кір келтірмеуі керек

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі.  Мемлекеттік қызметшілер билік пен халық арасын байланыстыратын алтын көпір іспеттес. Сондықтан олардың кәсіби біліктілігімен қатар, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгелерге үлгі болуға тиіс. Осы орайда біз Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызметшілердің тәртібі, жұмыстағы жауапкершілігі, сондай-ақ өңірде қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашевпен сұхбаттасқан едік. 

Әділбек Қайырбекұлы, соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілердің жұмысымен қатар, жүріс-тұрысы да бақыланатын болды. Осы орайда облыста кейбір қызметшілердің Әдеп кодексіне де, адамгершілікке де жат қылықтар жасағанын естіп, біліп жатамыз. Осы тұрғыда сіздер қызметшілермен қандай жұмыстар жүргізесіздер? Жалпы мемлекеттік қызметшілер өзгелерге үлгі болуы үшін не істеуі керек?

Мемлекеттік қызмет атқару — қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру деген сөз. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексі аясында бірқатар жоғары талаптар қойылған. Оларға тоқталып өтсек, қарапайым болу, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру, азаматтармен қарым-қатынаста әдепті болу, дөрекілік көрсетпеу, өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан айтылатын сын-пікірге себепкер болмау, жеке мәселелерін шешуде қызметтік жағдайын пайдаланбау, тағы басқалар. Жалпы әдеп нормаларын бұзу бойынша облыста тіркелген деректер айтарлықтай көп емес. Дегенмен департамент мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуда бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, біз мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларының және мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру бойынша мемлекеттік органдарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырамыз. Мұндай шаралар Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелерімен де өткізіледі. Биыл осындай жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, яғни Әдеп жөніндегі кеңесте соңғы үш жылда қаралған тәртіптік істердің саны барынша азайып отыр. Мәселен, 2020 жылы облыста үш қызметшінің тәртібі қаралса, былтыр екі адамның, ал биылғы бес айда бір қызметшінің «ісін» қарадық.

Жалпы, Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметшілердың әдеп нормаларын бұзуға қатысты деректердің азаюына Әдеп жөніндегі уәкілдер зор үлес қосып келеді. Биыл жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңесте 4 әдеп жөніндегі уәкілдің атқарып жатқан қызметінің нәтижелері тыңдалып, оларға тиісті ұсынымдар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Қазір облыста, әсіресе, қаламыздағы мемлекеттік мекемелерде жастар көп. Сол жастардың білімін, біліктілігін, дүниетанымын арттыру мақсатында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек», — деген болатын. Осы орайда Мемлекет басшысының Президенттік Жастар кадрлық резервін қалыптастыру жөніндегі бастамасы жастар үшін ашық әлеуметтік лифт жасауға мүмкіндік берді. 2021 жылы Президенттік Жастар кадрлық резерві екінші іріктеу өткізді. Алдыңғы іріктеудегідей қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар — олардың азаматтығы, жасы (35 жастан аспаған), білімі (жоғары) және жұмыс өтілі  (5 жылдан кем емес) болды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша (ортадан төмен емес деңгейде) жаңа талап енгізілді.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне 13 жас маман алдынды, оның 11-і өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі лауазымдарға жұмысқа орналасты.

Ақтөбеде жастарды жан-жақты мемлекеттік қызметке баулуға бағытталған «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебі 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда мектепті 91 түлек тәмамдап, олардың бірқатары мемлекеттік қызметтегі жолын сәтті бастады. Жалпы өңірімізде департаменттің, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының және Ақтөбе облысы әкімдігінің кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған бірлескен жобасы аясында биыл 1 наурызда аталған мектеп жаңа форматта өзінің кезекті маусымын ашты. Мектеп өзінің бағытын кеңейтті, студенттермен қатар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтіп жүрген жастар да мектеп тыңдаушылары қатарына енгізілді. Бұл мектептің екі айлық бағдарламасы өте мазмұнды және қызықты етіп құрылған. Мотивациялық дәрістер, тәжірибелік тренингтер, коучингтер, көшпелі семинарлар және мұның бәрі ақысыз негізде өткізіледі. Бұл мектепте оқыған, жобалық жұмысты қорғап, тестілеуді тапсырған барлық тыңдаушыларға сертификаттар табысталады және құзыреттіліктерін одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар берілетін болады. Бұл мектептің болашақ қызметшілерді қалыптастыруда маңызы зор. 

Ал өңірде ауыл жастарын қолдау мақсатында 2020 жылдың қазан айынан бастап ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуметтiк қолдау шараларын ұсынуға бағытталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы енгізілген болатын. Осы бағдарламамен ауылдық жұмыс жасауға барған мемлекеттік қызметшілер бүгінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы және 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға қаржы ала алады. Бұл да елді мекендерге жұмыс істеуге барғысы келетін жастарға үлкен қолдау болып отыр. 

Мәселен, Ақтөбе облысында дәл осындай қолдауға ие болып отырған 15 мемлекеттік қызметші бар. Олар облыстағы Ойыл, Әйтеке би, Хромтау, Ырғыз, Мәртөк, Темір, Қарғалы аудандарындағы елді мекендерге барып, қызмет жасап жүр. 

Сондай-ақ, жас қызметшілерді тәрбиелеуде, оларды осы салаға бейімдеуде жастар практикасының да маңызы зор екенін айта кетуіміз керек. Облыста жастар практикасы бұрын 6 ай мерзімге құрылған болса, биылғы ақпан айынан бастап бір жыл мерзімге дейін ұзартылды. Олардың қазіргі еңбекақысы 91890 теңгеге жетті (бұрын 76575 теңге болды).

Сонымен қатар, бүгінгі күні агенттікпен Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру үшін артық кедергілерді алып тастау тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік органдарға конкурстан тыс тағайындау құқығын беру мәселесі де пысықталып жатыр. Атап айтсақ, мемлекет есебінен жоғары білім алған оқу орындарының түлектерін аудандық және ауылдық деңгейдегі атқарушы лауазымдарына (аудан әкімі аппаратының бас маманы лауазымынан басқа) және Президент жанындағы академияның GPA деңгейі жоғары (3,33 және одан жоғары) түлектеріне (Нұр-Сұлтан қаласынан басқа) орталық органдардың жергілікті атқарушы және аумақтық бөлімшелері лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалу мүмкіндіктері ұсынылды. Бұл ретте мұндай тағайындау агенттікпен келісім бойынша оқу аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде ғана жүзеге асырылатын болады.

Ақтөбе облысында мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметшілердің үлесі (пайызы) қандай? 

— Біз мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру үлесі туралы ешқандай зерттеу жүргізбейміз. Дегенмен мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру және дәріптеу мақсатында әртүрлі шаралар өткізіп тұрамыз.

Мәселен, департамент жыл сайын облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, 

Мемлекеттік қызметшілердің Қазтест жүйесіне негізделген мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау бойынша сынақ өткіземіз. Оған облыстың барлық дерлік мекемелері қатысады. Сондай-ақ бұл шараға біздің департаменттің де қызметшілері қатысады. Биылғы осындай сынақтың қорытындысы бойынша қызметшілердің 11,2 пайызы —жоғары, 55,5 пайызы орташадан жоғары, 33,3 пайызы орташа нәтиже көрсетті. Бұл мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарды еркін жүргізе алатынын дәлелдейді. 

Сондай-ақ, былтыр өткен Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде кандидаттарға мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын сертификаттың болуы талабы қойылған еді. Бұл да ана тілімізді дәріптеу, тілдік мәдениетті арттыруға бағытталды. Қазіргі таңда өңірімізде облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен

қазақ тілін үйренуге ынталы мемлекеттік қызметшілер арасында қазақша сөйлеу практикасын қалыптастыру, тілдік барьерден арылтуға көмектесу мақсатында «SOILE &SAY клубы» жобасы жүзеге асырылғанын айта кету керек. Бұл да мемлекеттік тілді үйренгісі келген жастарға үлкен қолдау, көмек болмақ. 

Департамент жанындағы әдеп жөніндегі кеңесте былтыр мемлекеттік қызметке жараспайтын теріс қылық жасаған, Әдеп кодексінің талаптарын бұзған 45 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны белгілі. Сол азаматтардың барлығы қазір орындарында отыр ма? Жалпы заң бойынша мемлекеттік қызметшілер орнын қандай жағдайда босатады?

— 45 мемлекеттік қызметші туралы айтатын болсақ, бұл жерде өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында 62 тәртіптік іс қаралып, 17 тәртіптік іс қысқартылды, 43 мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін және екі мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аталған жауапкершілікке тартылған қызметшілердің ішінен бір жылда мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықты қайталап жасағандары үшін 11 мемлекеттік қызметшіге Заңға сәйкес атқарып отырған лауазымынан босату туралы шешім шығарылды. 

Бұл бұзушылықтар негізінен мемлекеттік қызметшілердің жер заңнамасының нормаларын бұзып, артықшылықтар беру, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарын бұзып, орындалмаған жұмыстарға ақша қаражатын аудару сияқты іс-әрекеттеріне қатысты болды. Ал биылғы жыл басынан бергі кезеңде кеңес мемлекеттік қызметшілерге қатысты 11 тәртіптік істі қарады. Оның ішінде бес қызметші жауапкершілікке тартылды, алты мемлекеттік қызметшіге қатысты қозғалған тәртіптік іс қысқартылды. Жалпы Әдеп жөніндегі кеңес тек мемлекеттік қызметшілерді жазалаумен ғана айналыспай, сонымен қатар олардың құқықтарының қорғалуын да қамтамасыз ететінін айта кетуіміз керек. Мәселен, біз былтыр осы орайда 17, ал биылғы жылы 6 мемлекеттік қызметшінің құқығын қорғап шықтық. Бұл мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен әділдіктің бар екенін дәлелдейтін іс деп айтуға болады. Себебі бірқатар қызметшілер жазықсыз жұмысынан айырылып, не болмаса, әртүрлі запа шегуі мүмкін. Біз мұны да жан-жақты қарастырамыз. Жалпы қызметшілер өз жұмысында мемлекеттік қызметке кір келтірмеуі керек. Жұмысын ұқыпты, жауапкершілікпен атқарып, ел алдында абыройлы жүруге тиіс.

Қазір жастар арасында мемлекеттік қызметке қызығатындардың саны артып келеді. Қызметші болу үшін жастардың қандай білімі болуы керек, қандай шектеулер қойылады, қандай талаптар бар? 

— Мемлекеттік қызметтегі мамандардың жас ерекшеліктері жайлы статистикасына көз жүгіртсек, бүгінде 30 жасқа дейінгі қызметшілердің үлесі 21 пайызға жетіп отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Яғни, осы салаға келетін жастардың үлесі өсіп келеді деген сөз.

Жалпы мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Әрбір мемлекеттік орган өзінің негізгі бағыттарын, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдық өкілеттіктерін ескере келе біліктілік талаптарды әзірлейді және ол білімі, нақты мемлекеттік лауазымда кәсіби қызметін тиімді атқаруға қажетті құзыреттері және жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды қамтиды.

Мәселен, облыстық денсаулық басқармасының бас маманы лауазымына кандидат болу үшін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі медицина саласындағы білім қажет, ал жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. 

Ал шектеуге келсек, мемлекеттік қызметке кіруге Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы Заңының» 16-бабында бірқатар шектеулер қарастырылған. Мәселен, сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған немесе сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік Кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3, 4, 9, 10 және 12-тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған, қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған азаматтарға мемлекеттік қызметке кіруге тыйым салынады.

Жыл сайын мемлекеттік қызметшілер күніне орай өңірде бірқатар шаралар, марапаттаулар болатыны белгілі. Биыл осы орайда қандай іс-шаралар өтеді? Кімдер марапатталады? Және үздіктерді қалай анықтайсыздар?

— Әдеттегідей 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс деңгейінде мемлекеттік қызметшілер арасында әртүрлі шаралар өткізіледі. Мәселен, биыл Балалар жылы болғандықтан, мемлекеттік қызметшілердің балалары арасында «Жаңа Қазақстан — жарқын болашақ» атты балалар сурет байқауы өткізіледі. Осы байқауда үздіктер марапатталады. 

Сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің отбасымен бірге «Отбасының даму күні» тақырыбында тренинг өткізіп жатырмыз.

Мемлекеттік қызметшілердің шығармашылық қасиеттерін дамыту мақсатында «Поэзия — образ, поэзия — өлең» атты облыстық байқау өткіздік. Бұдан бөлек, өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын спартакиадамыз да бар. Биыл бұл спартакиадаға облыстағы барлық аудандардан және Ақтөбе қаласынан 400-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты. 15 команда түрлі спорт түрлерінен жарысып, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Кеше ғана аталған жарыстың марапаттау рәсімін өткіздік.

Марапаттауға келсек, біз жыл сайын мемлекеттік қызметке елеулі үлес қосып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбегісімен марапаттаймыз. Облыс әкімінің және департамент басшысының Алғыс хаттарын табыстаймыз. Қазіргі таңда кандидаттарды іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы кәсіби мерекемізде осы салада елеулі еңбек етіп жүрген үздіктер марапатталатын болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы