Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай пленарлы отырыста тиімсыз жоспарлау бойынша жауапкершілікті күшейту керегін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жапониядан төмен пайызбен 15 жылға қарыз аламыз деп жатырмыз. Бұл мақтанатын жағдай емес. Бюджеттің тапшылығын жабу үшін 3,6 трлн теңге қарыз алайын деп жатырмыз. Оның міне 600 млрд теңгесі шетелден. Шығын көп, кіріс аз. О баста айтылған 3 трлн теңге көлемінде жоспарланған салық биыл да бюджетке түспеді. Бірақ ең қызығы бізде ешкім жауап бермейді, - деді депутат.
Мақсат Толықбай дұрыс жоспарлау жоқ екенін айтты.
Келесі жылы міндеттемені тағы да “орындай алмаймыз, тағы да қарыз алатын болдық” деп ратификацияны құшақтап келесіздер. Ұлттық қордың түбі көрінейін деді. Ең болмаса форс-мажор жағдайды ескеріп, мұнайдың бағасы осындай болуы мүмкін деп, ең болмаса бір жылға жоспарлауды үйренсек екен деймін. Мұнайға жатпайтын кірістерді көбейту мәселесі бар. Үкімет кәсіби жұмыс істеп, кіріс бөлігі бойынша дұрыс болжам жасауды үйренбесе, мына “әдемі” цифрлар, жалған статистика бізді түбінде құрдымға кетіреді. Осы уақытқа дейін бірде-бір шенеунікті жауапқа тартылды дегенді естімедік. Ешкім жауап бермейді. Қазір банктен несие алып, оны төлей алмасаң, үйіңді тартып алады, - деп айтты депутат.
Ол Үкімет күндіз-түні жұмыс істеп, батыл қадамдарға барып, жауапкершілікті мойнына ала білуі керегін айтты.
Қарыз алудың артында да парыз бар. Түбі қайтарамыз, бірақ қалай қайтарамыз. Тиімсіз жоспарлау бойынша жауапкершілікті күшейту керек, - деді мәжілісмен.
Бұған дейін Мәжіліс Азия Даму Банкімен арадағы қарыз туралы келісімді, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен арадағы қарыз туралы келісімді ратификациялады. Сонымен қатар Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Қазақстанға жеңілдікті кезеңмен қарыз беретін болды.