1 наурыз мерекесі еліміздегі барша этнос өкілдерін біріктіріп, бір-біріне жақындата түсетін маңызды күн. "Қазақ газеттері" ЖШС-не қарасты "Uiğur avazi" («Уйғур авази») республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Ершат Асматов бұл мерекенің халық үшін маңызы зор екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ершат Асматов ҚазМУ журналистика факультетінің қазақ бөлімін тәмамдаған. Студент кезінен бастап қазіргіге дейін бір ұжымда еңбек етіп келеді. Жалпы журналистік өтілі – 36 жыл. Мемлекеттік тілді жетік біледі. Студент кезінде түрлі деңгейдегі айтыстарға қатысқан. Сатира, әзіл-ысқақ жанрларындағы әңгіме-өлеңдерді жазып тұрады. Одан бөлек балаларға арналған жиырмадан астам ән мәтінінің авторы.
Еліміздегі саяси тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің, халықтар достығының нығаюы биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан халқы ассамблеясына тікелей байланысты. Ал осы құндылықтардың мемлекет дамуының негізгі факторлары екендігі түсінікті. Себебі бейбітшілік орнамаған елдердің қандай жағдайға түсіп қалғанын айтпасам да өздеріңіз білесіздер. Осыдан ҚХА-ның қоғамымыздағы рөлінің қаншалықты маңызды екендігін айқын көруге болады- дейді журналист.
Ершат Асматов 1 наурыз – Алғыс айту мерекесінің үлкен маңызы бар екенін айтады. Сөзінше, бұл айтулы күн бүкіл қоғамды ізгілік пен жақсылыққа бастайды, тәрбиелейді, адамдардың қарым-қатынасын реттеуге септігін тигізеді.
Елімізде Алғыс айту мерекесінің ресми бекітілгені өте дұрыс деп есептеймін. Әрине, маңызы зор. Мерекенің адамдарға өзара жақсы қасиеттерді бағалауға, кешірімді әрі кеңпейілді болуға, Отанына, халқына махаббатын оятуға түрткі болатынына сенімдімін. Табиғатымнан адамдарды бір-біріне жақындататын, сүйсіндіретін дәстүрлердің көбірек болғанын қалаймын. Бір өкініштісі бүгінгі қоғамда осындай қасиеттер азайып бара жатқан сияқты. Алғыс айту мерекесі сияқты ізгі бастамалар дәл осы кемшілігімізді жоюға түрткі болуы керек деп үміттенемін. Барлық отандастарымды Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығымен, Алғыс айту күнімен, биыл олармен қатар келген Ораза айымен шын жүректен құттықтаймын. Берекелі елімізге тыныштық, халқымызға амандық тілеймін!, - дейді Ершат Асматов.