Әдемау Толысбаева: Азаматтық ұстаным, Конституциялық сот – Жаңа Қазақстан көріністері

17 Наурыз 2022, 18:57
2830
Бөлісу:
Әдемау Толысбаева: Азаматтық ұстаным, Конституциялық сот – Жаңа Қазақстан көріністері

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында Жаңа Қазақстан саяси жаңармайынша, елдің әлеуметтік ахуалы мен экономикасын жақсарту мүмкін еместігін нақты айтып өтті. Бұл туралы облыс орталығы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Әдемау Толысбаева бөлісті. 

Әдемау Тұрдыбайқызының айтуынша, Президент халыққа ең керекті деген реформаларды жүзеге асыру басты міндеті екенін жауапкершілікпен сезінеді және екі жарым жылда біраз нәтижеге қол жеткізген. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір болып жатқан халықаралық ахуалдың қазақ халқына да оңайға соғып жатпағанын, кейбір елдер санкция арқылы тіресіп жатқанын, адамзат алда не күтіп тұрғанын білмесе де, республикамыздың тұтастығы мен бірлігін сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе Президенттің заң баршамызға ортақ екендігін, биліктегі атқамінерлер де бағынуы тиістігін, саяси өзгерісті жергілікті өзін-өзі басқарудан бастағанды жөн екенін еске салды. Жолдауда айтылған саяси өзгеріс арқылы саланы жайлаған тамыр-таныстықтың жойылатынына қуандым. Дегенмен, ел басқарушысы мұны жалғыз өзі атқара алмасы анық. Сондықтан қоғам болып біз де атсалысуымыз керек, - дейді Әдемау Толысбаева. 

Ол өзге елдерде Конституциялық сот институты барын және оған әрбір азамат сауалын жолдай алатын органның алғаш Қазақстанда да болғанын осы Жолдау арқылы білгенін айтып өтті. 

Өзіңіз білесіз, біздің Ата заңымыздың заңдық күші өте жоғары. Қазақстанда құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіріп береді. Бірақ бұл орган көптеген азаматтарға қолжетімді емес. Сондықтан Президентіміз Конституциялық сот құруды ұсынды. Ол сондай-ақ бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің де осы айтылған сотқа жүгіне алатын мүмкіндік бергенін дұрыс деп санайды, - деді орталық директоры. 

Сонымен қатар, мемлекет басшысының отбасында орын алатын зорлық-зомбылыққа қатысты құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызуды да анықтауды тапсырғаны кезек күттірмейтін шаруалардың бірі.  

Жолдауда тұрмыстық кикілжің, отбасындағы күш көрсету мәселесіне шара қолдану керектігін, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық көрсеткендерді қатаң жазалау үшін бас прокуратураға тапсырма берілді. Алдағы уақытта осы мәселенің қалай шешілгенін күтетін боламыз, - деді Әдемау Тұрдыбайқызы. 

«Рухани жаңғыру» орталығының директоры партия жүйесінде бұдан былай саяси бәсекенің адал түрде өтетінін Жаңа Қазақстанның екінші тынысына балады. 

Жолдауда партияларды тіркеу бұрынғыдай емес, біршама жеңілдейді. Мәселен мүшелікке 20 мың емес, бес мың адамның тіркелуі жеткілікті. Бұдан біз не ұтамыз? Сайлаушы ретінде тұрғылықты мекенжайымыздың, қала мен ауданның күрмеулі мәселелерін жоғары жаққа жеткізіп, шеше алатын жаңашыл партиялар дүниеге келеді, - деді Әдемау Толысбаева. 

Сондай-ақ, Президент Жолдауындағы бастамалар ауқымды әрі оны іске асыру үшін Ата заңымыздың отыздан аса бабына өзгеріс енгізу қажеттігін құптайды. 

Бұдан бөлек, Президент жыл соңына дейін жиырмадан аса заң қабылдайтынын айтты. Бұл әрине жауапты әрі көп уақыт алатын міндет. Әлемде болып жатқан ахуалдар да елімізге әсер етіп жатыр. Алайда Президент халықты қазіргі кезең қаншалықты қиын болса да мойымауға, келешекке сеніммен қадам басуға шақырып отыр. Ортақ әрі басты мұратымыз егемен елдің болашағын сақтап қалу екендігін, жаңа саяси мәдениет деңгейіне көтерілінімзді айтып, көкейімізге мықтап сенім ұялата білді, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы