Адамдардың бойын үрей билеген. Психолог ішкі тыныштықты қалай сақтауға болатынын айтты

21 Қаңтар 2022, 10:30
3232
Бөлісу:
Адамдардың бойын үрей билеген. Психолог ішкі тыныштықты қалай сақтауға болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басында елімізде болған тәртіпсіздіктер тұрғындардың жүйкесіне әсерін тигізбей  қоймады. Өзгерістерді қабылдамау  «синдромы» мен үрей туындауы қалыпты жағдай. Осындай жағдайға душар болған адамдар ішкі күйін тыныштандырып, қалыпты өмір сүру қалпына қалай келе алады? Біз оны психолог маманы Лимана Қойшиевадан сұрап білдік. 

Соңғы кезде елімізде болған өзгерістер аясында стресс пен үрей адамдардың санасын жаулап алды. Бұл бір адамның қорқынышы емес, көпшіліктің қорқынышы болып есептеледі. Себебі күнделікті жаңалықтарды телеарналардан, интернет пен әлеуметтік желіден көрді. Осылайша, дүрбелең мен үрей вирус сияқты топтық үрейге ұласты, - дейді психолог. 

Лимана Қойшиеваның айтуынша, одан қорғана алатын адамдар да болады. 

Дұрыс талдау жасай алатындар өзіне қажет ақпаратты саралап алады. Ал кей жағдайда адамдар анализ жасамай алып-қашпа әңгімелерге сену арқылы ішкі тыныштығын бұзып алатын жағдайлар да кездеседі. Әрине, ондай адамдар іштей күйзеліске кетеді. Ол қалай көрініс табады? Ұйқысыздық пен тамаққа тәбеті жоғалуы мүмкін. Ешбір істі бастауға зауқы болмай, үнемі бірдеңенің болуын күтіп отырғандай күй кешеді. Күтпеген жерден бірдеңе болып қалатындай, жасап жатқан дүнесінің барлығы мағынасын жоғалтқандай сезімде болады, - дейді маман.

Психологтің айтуынша, оған осындай күйзеліске түскен адамдар өңірлерден хабарласқан. 

Маған Ақтөбеден, Алматы қалалаларынан адамдар хабарласып жатыр. Оларға онлайн кеңес беріп жатырмын. Олар ұйқысыздық, тамақ өтпей жатқанын және алаңдаушылық, үрей бар екенін айтады. Тіпті Алматыдағы көшеге шыққанның өзінде бір оқыс оқиға болып қала ма деген үрей бар екенін жеткізеді. Осы күйден арылғылары келеді. Бізге сол оқиғадан қалай да болса  шығу керек. Ол қорқынышты қалай сейілтуге болады? Ол үшін ең алдымен назарды өзіміз сүйетін дүниеге бағыттауымыз керек. Жаңалық пен интернеттегі жаңалықты, негативті ақпаратты оқуды тыю керек. Таза ауаға шығып, жиі серуендеу керек, - дейді Қойшиева. 

Маманның айтуынша, тұрғындар өздері сүйетін іспен тұрақты айналысса да болады. 

Бисермен әдемі оюлар жасау, тоқыма тоқу, сурет салуды қолға алуға болады. Мысалы, үйдің жиһаздарының орнын ауыстыру, гардеробты қайта қарау сынды көптен бері жасағың келіп жүрген іспен айналысу керек. Оған бар ойыңды бағыттап, жан-тәніңмен беріліп істеген абзал. Мен маман болсам да, маған хабарласатындар тек негатив ақпарат айтады. «Болашақ қалай болады, төңкеріс бола ма, әрі қарай не істейміз?» деген үрейін өзгеге таңады, - дейді психолог.

Лимана Қойшиева атағандай, кейбір адам  ол туралы тіпті естігісі де келмейді. 

Қазір өмірінде болып жатқан күнделікті отбасылық істермен айналысуын жалғастыра  береді. Өмірдің әрбір сәтінен ләззат алып, тек жақсы дүниені ғана сіңіреді. Мысалы, маған хабарласып қара аспанды төндіретіндерді бірден тоқтатамын. Ол тақырыпты талқыламайтынымды айтып, оның өткен шақта қалғанын ескертемін. Қазір оның қызығушылығы қандай? Немен айналысқысы келеді? Осы сынды бағытқа өтуімізді сұраймын, - дейді ол.

Сондай-ақ психолог бойын үрей билегендер қозғалысты арттыру қажетін айтады.

Фитнеске, моншаға, қозғалысты арттыруға көп көңіл бөлу қажет. Яғни, тәнге көңіл бөлу керек. Оған қоса позитивті кітап оқуға болады. Жақсы музыка қойып билеп, кино да көруге болады. Егер біз осы шақта өз эмоциямызды басқарып, жақсы-көңіл күйді сақтап қала алсақ, негативке бой алдырмаймыз. Осы жағдайға қатысты хабарласқан адамдарың барын ескере отырып, біз әріптестерімізбен бірге күнде әртүрлі онлайн кездесулер өткізіп тұрамыз. Бүгін мысалы арт-терапияны жүзеге асырдық. Тікелей эфирде сурет салдық, - деді Қойшиева. 

Маманның айтуынша, арт-терапия, сурет салу адамға тыныштық сыйлайды. 

Адамдардың бойын үрей билеген. Психолог ішкі тыныштықты қалай сақтауға болатынын айтты

Осы сәттегі ләззатқа бөленіп, жақсы дүниелерді ойлауға септігін тигізеді. Осыған орай адамдардың ізгі ниеттері мен пікірлерін де оқып жатырмыз. Қазір бойын үрей билеген адамдар осы әдістерді пайдаланса да болады. Ішкі тыныштықты сақтау үшін осы жерде, осы сәтте болуымыз керек, - дейді психолог.  

Айта кетейік, елімізде бейбіт шеруден басталған жаппай тәртіпсіздік лаңкестікке ұласты. Сол себепті елімізде 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай жарияланған еді.

 

Өзгелердің жаңалығы