Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адамдар трактор жалдап үй маңындағы территорияны тазартпау керек. Бұл – жергілікті атқару органдарының жұмысы.
Орталық коммуникациялар қызметінде су тасқынының алдын алу шараларына қатысты брифинг кезінде Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы елді мекендердегі қардың әлі шығарылмай жатқанына қатысты мәселе қозғалып, "көшедегі қарды тұрғындар өз ақшасына трактор жалдап шығару керек пе?" деген сұрақ қойылды.Егер үй ауласындағы қарды шығару қиын болып жатса, онда ол тұрғынның міндеті. Әркім өз ауласындағы қарды шығару керек. Ал аула маңынан сырт жердегі қарды жергілікті атқарушы органдар шығарады. Сондықтан бұл жерде елді мекендердегі көшелердің қарын тазалау үшін тұрғындар ақша жинап, трактор жалдау керек деген мәселе туындамау керек. Бұл – жергілікті атқару органдарының міндеті. Ауылдық округтерде ақша болмай қалса, олар облыстық әкімдіктен қаржылай көмек сұрау керек. Егер облыс әкімдігінде су басу қаупі кезеңінде ақша болмай қалса, олар қосымша ақша бөлу туралы Үкіметке жүгінеді. Бүгінде Ақмола облысының бірнеше аудандарында, Нұр-Сұлтан қаласында да осындай жағдай бар. Олар резервтік қорындағы ақшаны жұмсай алады. Әзірге Үкіметке мұндай көмек (қар шығаруға қаржы, су тасқынының алдын алуға қаржы – ред.) туралы өтініш түскен жоқ, - деп жауап берді ішкі істер вице-министрлі Юрий Ильин Нұр-Сұлтан маңындағы елді мекендердегі қардың әлі шығарылмай жатқанына қатысты.