Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8 наурыз әйелдердің Халықаралық мерекесі қарсаңында редакцияға түрлі салада жүрген аруларымыз жайлы хаттар келген еді. Солардың бірі сонау Алматы облысынан келген екен. Онда әскери бөлім психологы, капитан Динара Көлбаева жайлы айтылған. Хатты қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.
Капитан Динара Көлбаева Жамбыл облысының Мерке ауданында дүниеге келген. 1980 жылы ата-анасы Алматы облысына қоныс аударып, Динара Алматы іргесіндегі ауылдық мектептің табалдырығын аттап, осы жерде бойжетеді. Мектептен соң Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны 1997 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кейіннен әскерде жүріп, психолог мамандығы бойынша екінші жоғары білімді 2005-2007 жылдары оқып шыққан.
Динара 1997 жылы институттағы оқуын аяқтап, қолына диплом алған соң, бірден Ішкі әскерге қызметке алынған. Содан бері әскердің ыстық-суығына мойымай, талмай, Отанына адал қызмет атқарып келеді. Алғашында Динара Достайқызы штабта, тыл қызметінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап тәрбие саласына ауысып, 5571 әскери бөлімінің психологы қызметін атқарып келеді.
Өзінің психологияға қалай келгені туралы Динара Достайқызы былай дейді:
«Адам өзінің өмірдегі орнын тапқанша, көңілінен шығатын істі жасағанша, тыным таппай, ізденіс үстінде жүреді. Мені осындай ізденіс алға жетелеп, психологияға алып келді. Психолог – адам жанының емшісі. Ол алдына келген адамды тыңдай білуі, түсінуі керек, көмек беріп, тығырықтан шығар жолды көрсете алуы тиіс. Бұл мамандық өте қызықты, үнемі ізденіп, өз-өзіңді жетілдіріп отыруың керек, шығармашылық қабілетің болуы тиіс. Мен психолог болуды өте қызықты мамандық дер едім. Әр күн сайын түрлі адамдармен жұмыс істейсің, оның әрқайсысының мінез-құлқы әртүрлі болады, соның бәрінің тілін тауып, сөйлесе білуің керек, – дейді Динара.
Капитан Динара Көлбаева бөліністерде моральдық-психологиялық ахуалдың дұрыс қалыптасуы үшін командирлерге көп көмек береді. Әр бөліністегі ұжымның қарым-қатынасын, көңіл күйін байқап, зерделеп отырады. Қажет жағдайда сарбаздармен жеке жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ күрделі жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде жеке құрамның эмоциялық күйін, көңіліндегі алаңдаушылықты жеңіп, тез жинақталуға үйрету де – психолог Динара Достайқызының міндеті.
Менің міндетім – әскери қызметшілерге алдында тұрған түрлі мәселелерді жеңу үшін ерік-жігер беріп отыру, түрлі қиындықтарға мойымай, өз-өзіне сенімді болуға үйрету. Маған кейде әскери борышын өтеп, үйіне қайтқан сарбаздар телефон соғып, алғысын айтып, хабарласып тұрады, осындай кезде жұмысымның зая кетпегенін түсінемін – дейді ол.
Ақпанның басында оңтүстіктегі Қордай өлкесінде ел іші дүрлігіп, қақтығыс болған кезде, Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сол мекенге бірден аттанып кетті. Алматыдан кеш қарая қозғалған көліктер легінде жеке құрамның ішінде капитан Динара Көлбаева да бар еді. Ол кризистік жағдайда жауынгерлік қызмет атқару үшін ойланбастан ерлермен бірге иық тіресе жүріп, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ауылдарда қызмет атқарып келді. Бұндай жағдайда психологтың көмегі аса қажет екендігін қызметтегі тәжірибе көрсеткен. Сондықтан Динара Достайқызы өз міндетін жақсы түсініп, жеке құрамды алдарына қойылған міндетті мінсіз атқарулары үшін психологиялық түзету, кеңес беру, психоэмоционалдық ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп отырды. Әскери ұжымның жауынгерлік рухын көтерудегі психологтың рөлі зор екендігіне Қордайдағы қызмет тағы бір дәлел болды.
Динара Достайқызының жеке құраммен жауынгерлік қызметке шыққаны бірінші емес, ол қашанда жеке құраммен бірге жүреді. Түрлі мәдени-бұқаралық, спорттық шараларда да сарбаздардың қасында, соның ішінде "Бейжің-2008", "Азиада-2011" сияқты ірі халықаралық шаралар да бар.
Капитан Динара Көлбаева ана ретінде де көпке үлгі бола алады. Ол ұлы Дарханның шығармашылығының шыңдалуына үлкен қолдау жасап отырады. 10 сыныпта оқитын Дархан Шафхатов кішкентайынан өлең жазады. Қазіргі уақытта жас ақынның "Балалық – бал әнім" және "Тәуелсіз ел жастары" атты өлеңдер жинағы бар. Түрлі халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып жүр.
Ұлттық ұланда қызмет етіп жатқан әрбір әскери қызметші әйелдің өз орны бар. Олар ерлермен бірге қайыспай, әскердің жүгін көтерісіп келеді. Олар қызметтеріне адал, әрі оған аса жауапты қарайды. Нәзік те болса, ердің жүгін көтеріп жүрген Динара Достайқызы сияқты барша аруларға бас иеміз!
Майор
Данара Баймағанбетова
Алматы қаласы