Бүгін – кітапханашылар күні. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі әлем бойынша кітапханаларға қатысты қызықты деректерді іздестіріп көрді.
Әлемдегі ең үлкен кітапхана
Әлемдегі ең үлкен кітапхана АҚШ-тың Вашингтон қаласында орналасқан. Ол Конгресс кітапханасы деп аталады. Ұзындығы 1350 шақырымға созылған 164 млн сөресі бар кітапхана әлемдегі ең үлкен кітап ордаларының бірі саналады. Оның қорында әлемнің 470 тілінде жазылған 155 млн-нан астам кітап экземпляры бар.
Капитолияға жақын орналасқан кітапхана ғимараты италиялық стильде мәрмәр мен граниттен салынған. Мұнда мектеп және ғылыми-зерттеу ұйымдарынан бастап үкіметтік мекемелерге арналған әдебиет қоры жинақталған.
Жалпы кітапханада 3600 қызметкер еңбек етеді. 18 оқу залы бар кітапхана күніне 1500 адамды қабылдауға қауқарлы. Орта есеппен жыл сайын ғимаратқа 1,7 млн оқырман келеді екен.
Бұл кітапхана 1800 жылы 24 сәуірде, яғни Вашингтон АҚШ астанасына айналған уақытта құрылған. Сол кезде алғашқы қорды құруға 5 мың АҚШ доллары бөлінген екен. Бұл қаражатқа конгресс мүшелеріне арналған 700-ден аса кітап сатып алынды. Оның атауының Конгресс деп қалыптасуы да осыдан екен.
XIX ғасырда ел Үкіметі қаулы қабылдады. Оған сәйкес АҚШ аумағында шыққан әр кітаптың бір данасы Конгресс кітапханасының қорына берілуі тиіс еді. Күніне кітапхана 15 мың дана кітаппен толығады. Осылайша, жылына кітапхана қорына 3 млн-ға жуық әдеби экземпляр қосылады. Қазірдің өзінде оның қорында 3,6 млн аудиожазба, 14 млн фотосурет, 5,5 млн географиялық карта, 8,1 млн ноталар жинағы және 70 млн қолжазба бар.
Әлемдегі ең кішкентай кітапхана
Әлемдегі ең кішкентай кітапхана да АҚШ-та орналасқан. 2013 жылы Нью-Йорк қаласының көшелерінде Little Free Library атауымен танымал кішігірім кітапханалар пайда бола бастады. Кітапхана кішкентай болғандықтан, оған тек бір оқырман кіре алады. Ал оның қорында шамамен 40 шақты кітап болды.
Мұндай бастамаға қаланың мэриясы түрткі болды. Басты себеп – адамның кітаптарға деген қызығушылығын арттыру және тегін кітап оқуға мүмкіндік беру. Әр оқырман ұнатқан кітабын бірнеше күнге ала алады немесе басқа кітапқа алмастыра алады. LIttle Free Library павильондарын жасауға түрлі дизайнерлер атсалысты. Олар қайта өңделген материалдан тұрғызылды.
Бұл ретте кішігірім кітапханаларды көпшілікке ұсыну идеясы көптеген елде таралып кетті. Мәселен Қазақстанда автобус аялдамаларында оқырмандарға арналған тақта пайда болды. Әр адам QR-код арқылы қалаған кітабын жүктеп алып, оқуға мүмкіндік алды.
Адам терісімен қапталған кітап
Гарвард университетінің кітапханасы - әлемдегі ірі кітапханалардың бірі. Оның құрылуына Джон Гарвард есімді азамат себепші болған. 1636 жылы колледжді тәмамдаған Джон Гарвард магистр атағына ие болады. 1637 жылы ол Лондоннан Чарльзтаунға көшіп келіп, ұстаздық қызметте болады. Кейіннен жергілікті шіркеуді басқарады. 1638 жылы Гарвард туберкулезден көз жұмып, өзінің кітапхана қорын ағылшын колонисттері құрып жатқан колледжге тапсырып кетеді. Кітап иесіне ризашылығын білдірген колонисттер колледжге Harvard есімін береді.
Қазір Гарвард университеті кітапханасы 100-ге жуық ғылыми-зерттеу орталықтары, колледж, музейлер кітапханалары жүйелерін біріктіріп отыр. Кітапханада 16 млн кітап бар. Бұл кітаптар университет оқытушылары, студенттер мен университет персоналына ғана қолжетімді.
Бір қызығы университет кітапханасында адам терісімен қапталған кітаптар бар. Бұны антроподермиялық түптеу деп те атайды. Белгілі болғандай кітапханада осындай үш кітап бар. Оның бірі – философиялық әдебиет болса, екеуі – Римге және ортағасырлар тарихына арналған екен.
Сарапшылардың алдын ала жасалған қорытындыларына сәйкес кітаптарды түптеуде қайтыс болған адамдардың терісі пайдаланылған. Алайда кейбір дерекке сәйкес адамның терісі тек медициналық сипаттағы кітаптарда қолданылған деседі.
Дәл осындай қолжазба еліміздегі Ұлттық академиялық кітапханада бар екенін айта кеткен жөн. Жалпы Ұлттық академиялық кітапханада 1,5 млн кітап бар. Оның 13 мыңы сирек кездесетін құнды экспонат. Олардың ішінде XXVI ғасырда пайда болған адам терісімен қапталған экспонат ерекше көзге түседі.
Аталған экспонат ғимарат қабырғасында 2014 жылы «Кітап сыйла» акциясы аясында пайда болған. Аталған кітапты сыйлаған коллекционер сол бойы инкогнито болып қалған. Қолда бар мәліметтерге сәйкес кітап 1532 жылы Солтүстік Еуропадан әкелінген. Ұлттық академиялық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар және манускриптер секторының меңгерушісі Дариға Дәуренбекованың сөзінше, осы кітапқа ұқсас экспонат Гарвард университетінің ғылыми кітапханасында бар.
Су бетіндегі бірегей кітапхана
Ұзындығы 132,5 метрге созылған Logos Hope кемесі әлемде су бетіндегі ең алып кітапхана ретінде танымал. Тоғыз қабаттан тұратын кемеге GBA Ships ұйымы иелік етеді. Оның мақсаты – түрлі басылымдарға қолы жетпейтін елдерді сапалы әдебиетпен қамту. Жалпы мұндай кемелер 1970 жылдары пайда бола бастаған екен. Дегенмен олардың ең үлкені Logos Hope 2009 жылы ұзақ сапарға шыққан.
Қазір Logos Hope әлемді саяхаттап, өз оқырмандарына 800 мыңға жуық кітапты ұсынып отыр. Әдебиеттердің басым бөлігі - ағылшын, португал, испан тілінде. Кітапхана қорында балалар әдебиеті, кулинария, ғылым, хобби, сөздік және т.б. кітаптар бар.
Кеме командасында 60 елден келген 400-ге жуық адам бар. 47 жылдың ішінде аталған кемеге 160 елден 50 млн-ға жуық адам мінген.
Қазақстанда қанша кітапхана бар?
Қазір елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Онда 328 млн-нан астам кітап қоры сақталған. Ең үлкен кітапхана Алматыда орналасқан Ұлттық кітапхана. Мұнда жеті миллионнан астам кітап қоры бар екен.
Жалпы осы салада 25 мыңнан астам кітапханашы еңбек етіп келеді. Экономикамыздағы ең төменгі айлық көрсеткіш кітапханашыларда деседі. Осы ретте Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана саласын дамытуға ерекше назар аударған болатын. Бұл олқылықты жою үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Мысалы 2025 жылға қарай кітапханашылардың жалақысы 100%-ға артады деп жоспарлануда. Ол мақсатқа жету үшін кітапхана қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25%-ға ұлғайтылып келеді.
Сонымен қоса еліміздегі кітап қорын жаңарту бойынша да бірқатар шара қолға алынып келеді. Соңғы 5 жылда 4,5 миллион кітап шығарылды.
Бұдан бөлек «Қазақстанның электрондық кітапханасы» жобасы жасақталды. Соның арқасында болашақта оқырмандар «бірыңғай билет» арқылы еліміздің кез келген кітапханасының электрондық базасына қолжеткізе алады. Ол үшін барлық кітапхананы бірыңғай ақпараттық жүйеге қосу жоспарланып отыр.
Кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Оқырмандарыңыз көбейе берсін!