Адам саудасы, вандализм: Қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады

5 Шілде 2024, 22:20
466
Бөлісу:
Адам саудасы, вандализм: Қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады
Фото: Арман Мухатов -архив

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам саудасына қарсы күресу, сондай-ақ вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Ол адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттерді қамтиды.

Заңда мұндай қылмыстарды жасағаны үшін татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салынады.

Сонымен қатар адамның кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғаны үшін алғаш рет қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Заңда кәмелетке толмаған адамды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге, соның ішінде мұндай істі насихаттау немесе жарнамалау арқылы тарту фактілері қылмыс деп танылады.

Бұдан бөлек, Заңда алғаш рет вандализм қылмысының сараланған құрамдары айқындалды. Яғни әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен, бір топ адам немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, әсіресе, қараулықпен әдейі әрі бірнеше рет вандализм жасау жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың қатарына жатқызылады.

Заңда бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Оны бір топ адам немесе бірнеше рет және қылмыстық топ болып жасағаны үшін жауапкершілік енгізілді.

Дәл осындай қылмыстық жауапкершілік тарихи, мәдени ескерткіштерді, табиғи кешендерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін белгіленді.

Осы тектес қылмыстарды жасағаны үшін бұдан былай қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бастап тартылады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы