Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Адам саудасы: Қазақстанда тіркелген ең сорақы қылмыстар қандай?

Олжас АДАЙ
10 Шілде 2025, 11:46
1518
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Қазақстанда адам саудасы – тек халықаралық емес, ішкі трагедияға айналған қылмыс. Заң қатайды, рейдтер жүргізіліп жатыр, бірақ зардап шеккендер, әсіресе балалар саны артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Адам саудасы — тұлғаға қарсы жасалатын ең ауыр қылмыстардың бірі. Бұл — шекара асқан жаһандық мәселе ғана емес, еліміздің ішкі қайғысы. Жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, жаңа туған сәбилер мен органдарды сату — мұның бәрі ойдан құрастырылған оқиға немесе фильм емес. Бұл — қылмыстық істерде, жәбірленушілердің куәліктерінде және құқық қорғау органдарының ресми деректерінде тіркелген шындық. 

Мемлекет заңдарды қатайтып, арнайы операциялар өткізіп, цифрлық бақылау енгізіп жатыр. Бірақ ресми сандар адам саудасының тоқтамай, керісінше өршіп бара жатқанын көрсетеді.

1,5 млн теңгеге сәби: шындыққа сенгің келмейтін деректер

Қазақстанда тіркелген кейбір істердің өзінен-ақ бұл қылмыстың шынайы ауқымын көруге болады. Мысалы:

  • 1,5 миллион теңгеге сатылған жаңа туған сәби;
  • Ауыл мектебінен Бахрейнге алып кетілген қыз бала;
  • Екі баласын сатпақ болған жас ана.

16 жасында Алматылық оқушы Рустам (аты өзгертілген) досымен бірге мектептегі жаттығудан қайтып келе жатқанда екеуін де күштеп алып кеткен, құлдыққа сатылған. Олар Таразға жеткізіліп, ол жақта мал бағып, қара жұмысқа мәжбүрленген. Түнде қол-аяқтары шынжырмен кісендеп ұстаған. Жарты жылдан кейін ғана қашып шығып, такси арқылы үйіне жеткен. Бірақ бұл оқиға жайлы шағымданбаған.

Тамақ беріп тұрды, бірақ өте нашар еді. Мен де, досым да қатты арықтап кеттік. Күні-түні қашуды ойладық, ал айтқандарына көнбесек ұратын. Шамамен жарты жылдан кейін ғана қашып шықтық. Түнде қаштық, жолымыз болып, бір такси ұстап алдық. Жасы үлкен бір кісі бізді қалаға дейін жеткізіп салды. Кейінірек тағы бірнеше көлікпен үйге жеттік, – дейді жәбірленуші.

2023 жылы Оңтүстік Қазақстандағы перзентханада дәрігерлер жаңа туған сәбилерді шетелдік отбасыларға сатқан. Бағасы – 1,5–4,5 млн теңге аралығында. Бір жылдың ішінде 6 бала шекара асырылып, жалған құжатпен өткізіліп жүрген. Дәрігерлер сотталып, нақты жаза алған.

2022 жылы Шымкентте 11 адамнан тұратын топ 18 қазақстандық қызды, оның ішінде 6 жасөспірімді Бахрейнге жыныстық құлдыққа жіберген. Олар ауру, құжатсыз және психологиялық жарақатпен оралған. Ұйымдастырушылар 9–12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мәжбүрлі еңбек пен органдарды сату

2024 жылдың басынан бері органдарды заңсыз сатуға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған. Көбіне азаматтар бүйрегін сатқан. Жәбірленушілер – емделуге мұқтаж, тұрмысы төмен жас жігіттер. Оларға жалған медициналық көрсеткіштер жасап, шетелге алып кеткен.

2025 жылдың көктемінде Ақтөбе облысында мигрантты фермада мал бағуға мәжбүрлеп, қорқытып, соққыға жыққан. Прокуратураға шағым түсіргенімен, іс «орташа ауырлықтағы дене жарақаты» ретінде бағаланып, жабылып қалған.

«Дәріс» орталығының директоры Гүлнұр Идигеева мұндай істердің көбі дұрыс баға берілмегендіктен жабылып қалатынын айтады. Оның сөзінше, әсіресе ауылдарда, мигранттар мен әлеуметтік осал топтар заңсыз еңбекке жиі тартылып жатады. Бірақ оларды ешкім іздемейді. Себебі олар – құжатсыз, қорғаусыз.

Жаңа заң не істей алады?

2024 жылы Қазақстанда адам саудасына қарсы арнайы заң қабылданды. Онда:

  • Жыныстық қанауға тарту, оның ішінде кәмелетке толмағандар,
  • Кәмелетке толмағаннан жыныстық қызмет алу үшін жазалау,
  • Бала туылғаны туралы хабарлама бермегені үшін жауапкершілік,
  • Тараптардың татуласуына тыйым салу сияқты жаңа нормалар енгізілді.

Заң бойынша мұндай қылмыстар үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ бұл заңдар нақты істерге дұрыс қолданылмайды. Сарапшылар құқық қорғау органдарының біліктілігін арттыру, істерді облыстық деңгейге жеткізу, цифрлық бақылау жүйесін енгізу қажеттігін атап өтеді.

Статистика: әр сан – бір тағдыр

Ішкі істер министрлігінің дерегінше:

  • 2022 жылы – 79 іс,
  • 2023 жылы – 100-ден астам,
  • 2024 жылы – 197 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 119-ы – жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастыру, 17-сі – адам саудасы, 15-і – балаларды жыныстық қызметке тарту.

2025 жылдың алғашқы үш айында 116 жаңа іс тіркелді. Жәбірленушілер саны – 59, оның 85 пайызы – әйелдер мен қыздар. 11 жасқа дейінгі 5 қыз бала да бар.

Нарық бар жерде – қылмыс бар

Адамдар сатып алады:

  • әйелдерді – жыныстық қызмет үшін,
  • сәбилерді – бюрократиясыз асырап алу үшін,
  • органдарды – донор тапшылығы салдарынан.

Психолог Ирина Юсупованың пікірінше, адам саудасының құрбандары – көбіне тәуелділіктен, зорлық-зомбылықтан, әлеуметтік қиындықтан шаршаған жандар. Олар көмек пен жұмыс уәдесіне сеніп, құлдыққа түсіп жатады.

Оның айтуынша, кейде құқық қорғау органдары да осы жүйенің бір бөлігіне айналып кетеді.

Бір учаскелік полиция қызметкері маскүнемдерді сатып, оларды фермада жұмыс істеуге келісіп, әрі қарай не болатынын ешкім білмеген – дейді ол.

2024 жылғы заң маңызды қадам болғанымен, оның орындалуы әлсіз. Құрбандар жүйеге сенбейді. Көп іс тұрмыстық жанжал ретінде бағаланады. Сондықтан нағыз күрес – тек заң қабылдауда емес, оны дұрыс орындауда, әділ тергеуде, құрбандарды қорғауда.

Адам саудасы – статистикадағы сан емес. Бұл — сатылған, қорланған, ұмытылған адамның тағдыры. Егер әрбір іс тергеліп, дұрыс бағаланбаса, бұл қылмыс жалғаса береді. Қазақстан тек заңмен емес, әділетпен күрес жүргізгенде ғана бұл қасіретті тоқтата алады.

Өзгелердің жаңалығы