Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл: Өлім жазасынан бас тарту Конституцияда қайтымсыз қағида ретінде бекітілуге тиіс

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 18:59
129
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Анеля Өсерхан
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Анеля Өсерхан

Қазақстанда өлім жазасынан бас тарту Конституция деңгейінде шартсыз әрі қайтымсыз қағида ретінде бекітілуі қажет. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Конституцияның жаңартылған жобасында өмір сүру құқығы негізгі құқық ретінде көрініс тапқан. Алайда омбудсмен бұл құқықты ешқандай ескертусіз, шектеусіз абсолютті құндылық ретінде бекітуді ұсынды.

Біз мүмкіндігінше өмір сүру құқығын абсолюттендіруді сұрадық. Ешқандай шартсыз, ескертусіз және арнайы түсіндірмесіз бұл құқықты біржола абсолютті деп тану қажет. Конституцияда ең жоғары құндылықтың абсолюттілігін нақты бекіту арқылы біз бүкіл әлемге қабылданған шешімнің қайтымсыз екенін көрсетеміз, – деді Артур Ластаев.

Ол өмір сүру құқығын Конституцияда толық әрі түбегейлі бекіту мемлекеттің өлім жазасынан түпкілікті бас тартуын ғана емес, адамның өмірін барлық жағдайда қорғау жөніндегі міндетті жауапкершілігін де білдіретінін атап өтті.

Өмір сүру құқығын толық абсолюттендірген жағдайда мемлекет апат кезінде құтқаруға, ауру кезінде емдеуге, қауіп төнген сәтте қорғауға міндетті болады. Бұл – жай ғана саяси-құқықтық шешім емес, оның терең әлеуметтік мәні мен азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар, – деді омбудсмен.

Сонымен қатар Артур Ластаев әділ сот төрелігінің негізгі кепілдіктерін адамның іргелі құқықтары бөліміне көшіру бастамасын қолдады. Атап айтқанда, өзін-өзі айыптауға тыйым салу, бір қылмыс үшін қайта жазаламау және кінәні тек сот шешімімен ғана тану қағидаттары туралы сөз болды.

Оның айтуынша, бұл нормалар қазіргі халықаралық стандарттарға сай келіп қана қоймай, қазақ халқының тарихи құқықтық дәстүрлерімен, соның ішінде билер сотының қағидаттарымен де үндеседі.

Бұл нормаларды негізгі құқықтар бөліміне бекіту – жай формалдылық емес, Ата заңның рухы тұрғысынан құқықтарды қорғауға бағытталған нағыз конституциялық бетбұрыс, – деп түйіндеді Артур Ластаев.

Өзгелердің жаңалығы