Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Астанада өткен халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде 2025 жылдың аяқталып келе жатқан кезеңі Қазақстан үшін халықаралық аренада адам құқықтарын қорғау саласында маңызды жыл болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ел айтарлықтай прогресс көрсетіп, БҰҰ құрылымдарынан жоғары баға алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі жиын – біздің Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қағидаттарына берік екеніміздің дәлелі. Бұл – адам құқықтары мен еркіндіктері мемлекеттік саясаттың өзегінде тұрғанын көрсетеді, – деді Жақселекова.
Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың қаңтарында Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесте әмбебап кезеңдік шолу (ӘКШ) процесінен өтті. Бұл қорғау барысында еліміз жүргізілген реформалар туралы ақпарат ұсынып, әйелдердің құқықтарын қорғау, кемсітушілікке қарсы саясатты күшейту, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, кәсіподақтарды қолдау, сөз еркіндігін кеңейту, журналистердің қауіпсіздігін қорғау және азаптауға нөлдік төзімділік саясатын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарды растады.
Шолу нәтижесінде Қазақстанға шамамен 300 ұсыным берілді. Соның 88%-ын біз тек қолдап қана қоймай, нақты іске асыруға кірістік. Бұл – 2019 жылғы алдыңғы ӘКШ циклімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш, – деп атап өтті вице-министр.
Жақселекованың айтуынша, шетелдік делегациялар да Қазақстанның адам құқықтары саласындағы заңнаманы жетілдіру және халықаралық стандарттарды енгізу бойынша жүйелі прогресін оң бағалаған.
Жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні орындау жөніндегі үшінші ұлттық баяндамасын Женевадағы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-сессиясында қорғауы болды. Қазақстандық тарап соңғы тоғыз жылда қол жеткізген нақты нәтижелерді таныстырды.
Біз өлім жазасын толық жою, зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, азаптауға қарсы күрес, адам саудасына қарсы іс-қимыл және азаматтардың құқықтық қорғанысын нығайтатын өзге де шаралар туралы хабарладық. Қазақстан халықаралық ұсыныстарды қабылдап қана қоймай, оларды нақты іске асырып жатыр, – деді Жақселекова.
Ол Мемлекет басшысы соңғы жылдары адам құқықтары саласында үш бірізді іс-қимыл жоспарын бекіткенін, олардың жүзеге асуы нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, осындай конференциялар мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық сарапшылардың күшін біріктіруге мүмкіндік береді.
Мұндай диалогтық алаңдар тәжірибе алмасуға және адам құқықтарын одан әрі дамытуға бағытталған ортақ шешімдер қабылдауға жол ашады. Барша қатысушыларға мазмұнды әрі нәтижелі жұмыс тілеймін, – деп қорытындылады Ботагөз Жақселекова.